Елордалық құтқарушылар судағы қауіпсіздік ережелерін бұзудың ең жиі кездесетін түрлері туралы айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астанада шомылу маусымы ресми түрде тек 1 маусымда басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Құтқарушылардың айтуынша, алдын алу шаралары күшейтілгенімен, су айдындары әсіресе балалар мен өз күшіне шамадан тыс сенетіндер үшін қауіп төндіретін демалыс орындарының бірі болып отыр.
Қазіргі уақытта қала мен оның маңындағы су айдындарындағы жағдай тұрақты, жыл басынан бері төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Қайғылы жағдайлардың негізгі себептері – арнайы жабдықталмаған орындарда шомылу, қауіпсіздік ережелерін бұзу және балаларды қараусыз қалдыру.
«Қазіргі уақытта Астана қаласында шомылуға рұқсат етілген 5 орын белгіленген.
Оларға «Армина», «Столичный двор», «Три пескаря» демалыс аймақтары, Орталық қалалық жағажай және коммуналдық жағажай жатады.
Жабдықталған жағажайларда құтқару бекеттері, медициналық пунктер, құтқару құрал-жабдықтары, ақпараттық стендтер, қалқымалы қоршаулар, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіз демалуы үшін қажет жағдайлар қарастырылуы тиіс», – деп хабарлады Астана қалалық ТЖД.
Алайда, көбісі әлі күнге дейін су түбі тексерілмеген «жабайы» жағажайларға барғанды жөн көреді. Онда су астында шыны, арматура, құбырлар, тастар және басқа да қауіпті заттар болуы мүмкін. Сонымен қатар, мұндай орындарда құтқару мұнаралары мен медициналық көмек көрсетілмейді. Елордада шомылуға тыйым салынған барлығы 21 учаске белгіленген.
Құтқарушылардың айтуынша мынадай қателіктер жиі қайталанатынын атап өтті: қалқымалардан асып жүзу, бейтаныс жерлерде суға секіру, балаларды қараусыз қалдыру және қауіпсіздік шараларын сақтамай үрлемелі матрастарды немесе дөңгелектерді пайдалану. Бұл ретте көпшілік жеңқап киген немесе үрлемелі дөңгелекпен жүрген бала қауіпсіз болады деп ойлайды. Алайда мұндай құралдар толық қорғанысқа кепілдік бермейді: олар аударылып қалуы, ауасы шығып кетуі немесе баланы жағадан алыстатып әкетуі мүмкін.