Нұр-Сұлтанда 60 жастан асқан адамдар коронавирусқа қарсы қайта вакцина ретінде Pfizer-ді ала алады. Сондай-ақ, бұл вакцина медицина қызметкерлерінің ревакцинациясы үшін де қолжетімді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес «Комирнати» (Pfizer) вакцинасын қолдана отырып, коронавирустың ауыр көріністерінің даму қаупі жоғары медицина қызметкерлерін, 60 және одан жоғары жастағы адамдарды КВИ-ға қарсы ревакцинациялауға рұқсат етілген.
Елордалық емханаларда азаматтардың осы санатын америкалық екпемен қайта вакцинациялауға кірісті. Алайда, ревакцинация вакцинацияға қарсы көрсетілімдері жоқ адамдарға ғана рұқсат етіледі. Pfizer тек медициналық мекемелерде қолжетімді, оны сауда орталықтарындағы вакцинация пунктерінен алу мүмкін емес.
Естеріңізге сала кетейік, қала бойынша азаматтарды вакцинациялау және ревакцинациялау үшін 31 егу пункті ашылды: 26-сы – медициналық ұйымдарда, 4-еуі – сауда орталықтарында және «Нұрлы жол» теміржол вокзалында.
Бүгінгі күні қала бойынша 25 800-ден астам адам қайта вакцинацияланды.
Елордада эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты дәрігерлер аурудың ауыр ағымын немесе өлімді болдырмау үшін азаматтарға КВИ-ге қарсы екпені мүмкіндігінше тезірек алуға шақырады.