«Bolashaq» Қауымдастығы бастама болған «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасының Шымкент қаласындағы кезекті жиыны өз мәресіне жетті. Оңтүстік жастары іскерлік қабілет пен кәсіпкерлік дағдыларды арттыру мақсатында маңызды ақпараттарға қанықты. Осы жобаға арнайы келіп өз тәжірибесін бөліскен, Шымкент қаласындағы жас кәсіпкерлердің бірі, «Salem Coffee» және «Global Coffee» негізін қалаушы Аят Азимовпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Аят, сұхбатымызды «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы жөніндегі пікіріңізден бастасақ...
- «Bolashaq» Қауымдастығы жобаны жастардың білімі мен біліктілігін арттырып, іскерлік қарым-қатынасын нығайту мақсатында ұйымдастырып отыр. Шараға Шымкент қаласынан өзге Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының айқын мақсат жолында еңбектеніп, ізденісте жүрген жастары жиналған. Меніңше, осындай шаралар жастардың өзін-өзі дамытып, білім көкжиегін кеңейтуіне зор ықпал етеді.
- Нетворкингке келген жастардың белсенділігіне қандай баға бересіз?
- Шынымды айтсам, жастар мен ойлағаннан да белсенді болып шықты. Ашық пікір алмасу кезінде кәсіп ашу туралы сауалдар көп қойылды. Бизнеске деген қызығушылықтың жоғары екенін байқадым. Өз арманы жолында мақсат қоя білетін жастар үшін осындай жиындардың маңызы жоғары. Себебі кәсіп ашуда елімізге белгілі кәсіпкерлермен немесе осы салада жолы болған жандармен жолығу – жастарға үлкен шабыт береді. Осы ретте «Bolashaq» Қауымдастығы жастардың қызығушылығын дөп басып, жақсы бір бастама жасады деп ойлаймын.
- Өткенге көз тастап көрсек. Кәсіпкер ретіндегі алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
- Менің алғашқы қадамым 23 жасымда басталды. Нақтырақ айтсам, IT саласына қызығушылығым оянып, мейрамханалар мен демалыс орталықтарындағы орындарды онлайн брондау жүйесін қолға алдым. Алайда, алғашқы бастамам сәтсіз аяқталды. Одан кейінгі кәсібімді баспахана ісімен байланыстырдым. Бұл жолы да айым оңынан туған жоқ. Кейінірек ойлана келе, кофехана ашуға бел будым. Нәтижесінде қазір жақсы жұмыс жасап отырмыз. Менің түйгенім: кәсіп – сүрінген сайын шыңдалатын сала. Өткеніме қарағанда бұрынғы бастамаларымның сәтсіз аяқталғанына еш өкініш жоқ. Себебі мен үшін үлкен тәжірибе баспалдағы болғанына көзім жетті. Кәсіпке бет бұрған адам барлығына дайын болуы керек. Қазақта «шығын шықпай, кіріс кірмейді» деген жақсы сөз бар. Меніңше, ол сөз нағыз бизнес саласына қатысты айтылған секілді. (күліп)
- Кәсіп ашудағы бірнеше сәтсіздіктен кейін кофехана ашу идеясы қалай келді?
- Шет елде білім алып жүргенде сабаққа үнемі кофе ішетін орындарда дайындалатын едім. Себебі жастар үшін ол жер ыңғайлы әрі жайлы. Сосын маған «неге біздің елімізде де осы үрдісті қалыптастырып, қолға аламасқа» деген ой келді. Содан соң елге демалысқа келген кезде қай кәсіптің ақсап тұрғанын сараптай бастадым. Шет елдегі көріністен кейін өз еліміздегі кофеханалардың бәсең дамып жатқанын байқадым. Бұл ой осы істі қолға алуға түрткі болды. Қазір бұрынғыдай емес, кофе тұтынушылар қатары уақыт өте артып келеді. Көпшілік кофенің дәмін де, түрін де жақсы ажырата алатын жағдайға жетті.
- Нетворкингке келген жастарға, кәсіп ашуға ниетті азаматтарға қандай кеңес айтар едіңіз?
- Қазір елімізде кәсіп ашамын деген адамға мемлекет тарапынан қолдау жасалған. Бүгінгі «Bolashaq» Қауымдастығы бастама болып отырған шара да соның бір дәлелі. Кәсіп бастаушыларға, қызығушылық танытатын жандарға арналған түрлі бағдарламалар, жобалар жұмыс жасап жатыр. Мәселен, мен бизнеске бет бұрған уақытта дәл бүгінгідей мүмкіндіктер болған жоқ. Бәлкім ол кезде ақпараттық насихат аз болды ма, әлде кәсіп ашу сауаттылығы төмендеу болды ма – білмедім. Бірақ дәл бүгінгідей нақты кеңес беріп, бағыт көрсетер жан болмады. Ал, қазір жағдай мүлде басқаша. Бүгінгі жастар қандай салада жұмыс жасаймын, жаңа кәсіп бастаймын десе де – жол ашық. Тіпті, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдаланып, 6 пайыздық жеңілдетілген несие алып, өз ісін бастауға болады. Өзімнің өмірлік тәжірибемнен айтар болсам, арманға адал болу керек. Мақсатың айқын, жоспарың нақты болса, биіктерден көрінуге еш кедергі жоқ.
- Сұхбатыңызға рақмет!