Астанада ұлттық құндылықтар мен креативті индустрияны ұштастыруды мақсат етекен тың жоба «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» өз жұмысын бастады. Жоба ұйымдастырушысы - «Хас шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығы, - деп хабарлайды kazlenta.kz.
Бұл бастама дәстүрлі қолөнерді жаңғыртып, оны заманауи кәсіпкерлік пен шығармашылық индустрияның бір бөлігіне айналдыруға бағытталған. Жоба тек көрме - жәрмеңке форматымен шектелмейді, ол сән көрсетілімдерін, шығармашылық шеберлік сыныптарын, пікір алмасу кездесулерін және жастарға арналған лекциялар мен диалогтық сессияларды қамтиды. Іс-шара аясында ұлттық киімдердің сән көрсетілімі өтті, онда зергерлік бұйымдар мен этно элементтері бар заманауи киім үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.
Мамандардың айтуынша, жоба шеңберінде жергілікі өнімді тұтыну мәдениетін қалыптастырып, ішкі нарыққа сұранысты ынталандыру және шығармашыл жастар, дизайнерлер мен қолөнершілер арасындағы ынтымақтастықты күшейту көзделген.
- Бүгін мен осындай қызық, әрі қажетті іс-шараға қатысқаныма қуаныштымын. Respublica партиясының «Re.women» әйелдер қауымы сіздердің бастамаларыңызды қолдайды. Осындай әдемі ұлттық киімдерді көпшілікке көрсетіп, балаларымыз оны күнделікті өмірде кисе, қандай жарасымды болар еді. Қазақтың ұлттық киімі сәнге айналуы керек. Біз өзге де әйелдер қауымдастықтарымен бірігіп, бұл саладағы мәселелерді талқыладық, - деді Respublica партиясының «Re.women» әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Сағди.
Жоба аясында дәстүрлі мәдениет пен инновациялық тәсілдерді біріктіру арқылы жаңа мәдени кеңістік қалыптасады. Қазақстанның мәдени брендін халықаралық деңгейге шығаруға және ұлттық креативті өнімдердің танымалдығын арттыруға ықпал етеді.
- Бұл көшпелі форматтағы шығармашылық-мәдени іс-шара, оның барысында әр аймақтағы қолөнершілер бас қосып, өз туындыларын ұсынады. Іс-шараға қатысушылар тек көрермен ғана емес, сонымен қатар интерактивті түрде қатыса алатын тұтынушылар мен келешек кәсіпкерлер болып табылады. Бұл формат шығармашылық әлеуетті оятуға, шеберлер мен дизайнерлерге өз өнімдерін насихаттап, нарыққа бейімдеуге, ал қоғамға ұлттық өнер мен заманауи трендтердің симбиозын ұсынуға бағытталған, -деді «Хас шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.
Жоба қатысушысы тігінші, киім конструкторы - Махаббат Темірқызы ұлттық киім тігу ісімен 20 жылға жуық айналысып келеді. Осы уақыт аралығынла бірқатар қалалық жәрмеңкелерге тұрақты түрде қатысып жүр.
- Бұл жолғы шараға арнайы 17 түрлі киім үлгісін дайындадым. Бұған дейін «Қазақ елі» монументі, «Бәйтерек» ескерткіші мен «ЭКСПО» аумағында өткен жәрмеңкелерге қатысқан болатынмын. Мұндай шаралар ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлкен серпін береді. Ал сән көрсетіліміне қатысқан балалардың әсері мен қуанышы маған ерекше шабыт сыйлайды, – дейді шебер.
Жоба ұйымдасырушыларының айтуынша, бұл бастама креативті индустряины дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың құралы ретінде ұлттық құндылықтарды жаңа, заманауи форматта көпшілікке ұсынуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әлеуметтік және шығармашылық кәсіп түрлерін қолдап, қолөнершілердің өз бұйымдарын тікелей сатып, тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді. Игі бастама дәстүр мен заманауи кәсіпті тоғыстыра отырып, ұлттық өнерді жаңаша танытып, жаңа буын шеберлерге жол ашуды жалғастыра береді.