Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Осы қағиданы әрбір азамат білуі қажет. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай мырза айтып өтті деп хабарлайды kazlenta.kz.
Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық.
"Әлемде көлемі жағынан 9-шы орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз.
Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек" - дейді депутат Мыңбай.
Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту. Бұл барша халықтың еңбегімен келеді. Сондықтан жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажет.
Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Этникалық әралуандық – біртұтас ұлт ретінде қалыптасқан халқымыздың артықшылығы. Бүгінде бірлік пен этносаралық татулықты сақтау жялында отыз жыл бойы жүргізген сындарлы саясаттың жемісін көріп отырмыз.
"Бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, татулық пен сыйластықты қамтамасыз етуде Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуеті зор. Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы. Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады" - дейді депутат өзінің Facebook парақшасында.