Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөнінде өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов инфрақұрылымды жаңғырту және экономиканың негізгі салаларын дамыту жөнінде тапсырмалар берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басты назар «Халықтық құрылыс» ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруға дайындыққа, өнеркәсіпті, көлік және энергетика инфрақұрылымын, агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығын дамытуға аударылды.
«Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ел тарихындағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ. Сондықтан оны жүзеге асыру нәтижелері Үкімет пен әкімдіктердің үйлесімді жұмысына байланысты болмақ», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудың негізгі бағыттары бойынша келесідей міндеттер айқындалды:
- Инфрақұрылымды және отандық өндірісті дамыту. Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика, Денсаулық сақтау және Оқу-ағарту министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін өңірлердің қажеттіліктерін талдап, жергілікті жолдарды, инженерлік желілерді, білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту жобаларының тізбесін қалыптастырсын. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, құрылыс материалдары мен жабдықтарын шығаратын отандық өндірушілердің құрылыс жұмыстарына кеңінен қатысуын қамтамасыз етсін. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, тракторлар мен комбайндар өндірісін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізсін.
- Геологиялық барлау және тау-кен металлургия саласын дамыту. Өнеркәсіп министрлігі Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасының жүйелерін интеграциялау мен құрылымдауды, оның ішінде жасанды интеллектіні пайдалана отырып қамтамасыз етуі керек. 15 желтоқсанға дейін бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, тау-кен металлургия саласын одан әрі дамыту, соның ішінде өнімдерге кепілдік берілген сұранысты қамтамасыз ететін оффтейк-келісімшарттар жасау тетігін пайдалану жөнінде нақты шаралар әзірленуі қажет. Өңір әкімдіктерімен бірге осыған дейін қабылданған заңнамалық нормаларды жүзеге асыру жөнінде шаралар қабылдап, өңірлердің кластерлік дамуы бойынша келісілген шешімдер әзірлеуі тиіс.
- Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Көлік министрлігі 2027 жылы барлық көлік өткізу бекеттерін салу мен жаңғырту жұмыстарын келесі жылы аяқтап, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосуы қажет. Сондай-ақ құрылыс маусымының басталуымен қолданыстағы «Көкшетау – Петропавл» күре жолын кеңейтуге және Астана қаласында екінші әуежай салуға кірісу керек. Халықаралық жүк тасымалының өсімін қамтамасыз ету үшін отандық жүк тасымалдаушыларды мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу, жүктерді шоғырландыру және бөлу орталықтарын құруды ескере отырып, сервистік инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмысты күшейту қажет. Жергілікті автожол желісінің жай-күйін, жолдарды салу мен жөндеу мәселелерін ерекше бақылауға алғаны жөн. Автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы аясында мердігер ұйымдардың жауапкершілігі мен техникалық қадағалауды күшейту жөніндегі шаралар әзірлеу.
- Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында электр стансалары жобаларын жүзеге асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, белгіленген мерзімдерінің сақталуын бақылауды күшейтсін. 2026 жылдың соңына дейін «таза» көмір технологияларын пайдалануды, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды және келесі жылы «Балқаш» атом электр стансасы құрылысының басталуын ескере отырып, еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін қайта қарауы тиіс. Жаңа атом электр стансаларын шикізат ресурстарымен қамтамасыз ету үшін «Самұрық-Қазына» қорына Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен бірлесіп, уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құруды қамтамасыз ету тапсырылды.
- Агроөнеркәсіп кешенін дамыту. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніне несие берудің ұзақмерзімді бағдарламаларын, оның ішінде мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеуді, жеңілдікті лизинг бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етсін. Инвестициялық жобаларды жедел іске асыру үшін басы артық әкімшілік кедергілерді алып тастай отырып, қолайлы жағдай жасау қажет. Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, «Е-Aгроөнеркәсіп кешені» цифрлық платформасын, оның ішінде 2027 жылы салалық Data Lake құру жұмыстарын аяқтасын.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану. Судың ысырап болуын азайту және су үнемдеу технологияларын қолдану кеңейту жөніндегі жұмыстарын күшейту қажет. Егіс алқаптарын жоспарлау кезінде су шаруашылығы теңгерімдерін сақтауға ерекше назар аудару керек. 15 желтоқсанға дейін жасанды интеллект элементтері қолданылатын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Ұлттық экономика министрлігі Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, 2027 жылғы қаңтарға дейін ауыз суды тұтыну саласындағы тарифтік реформаны оны ұқыпты пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу үшін экономикалық ынталандыруды көздей отырып, аяқтау. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Су ресурстары және ирригация министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, суды көп тұтынатын объектілерде олардың техникалық, айналымдық және қайта сумен жабдықтауға көшуін қамтамасыз ететін ауыз суды үнемдеу тетіктерін әзірлесін.