Елордада сэндвич-панель шығаратын жаңа зауыттың құрылысы басталды. Жобаны құрамында алты мамандандырылған өндірісі бар YDA Industrial Park кәсіпорны жүзеге асыруда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Журналистер баспасөз туры барысында Астанадағы №1 индустриялық парк аумағында орналасқан өндірістік кешеннің жұмысымен танысты.
Кәсіпорында медициналық және кеңсе жиһаздары, медициналық жабдықтар, медициналық газбен жабдықтау жүйелері, алюминий және ПВХ конструкциялары, модульдік ғимараттар, металл конструкциялары мен қазандық жабдықтары шығарылады.
Мұнда өндірілген өнімдер Астана мен еліміздің өзге өңірлеріндегі медициналық мекемелерде, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептерді жабдықтауға пайдаланылады.
Өндірістік кешенге 50 млн АҚШ доллары инвестиция салынған. Жалпы аумағы 120 мың шаршы метрді құрайтын кәсіпорын 2022 жылы пайдалануға берілді. Содан бері мұнда 300-ден астам жұмыс орны ашылды.
Кәсіпорын Қазақстан нарығында 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан халықаралық YDA Group компаниялар тобына кіреді. Холдингтің елімізде жүзеге асырған және қазір іске асырып жатқан инвестициялық жобаларының жалпы құны 2,5 млрд АҚШ долларынан асады.
Жаңа өндірістің құрылысы елорда өнеркәсібінің қарқынды дамуымен тұспа-тұс келіп отыр. 2026 жылдың тоғыз айында Астанадағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,1 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға артты. Оның 93%-дан астамы өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі.
Бүгінде №1 индустриялық паркте 145 өнеркәсіптік жоба қолға алынған. Оның 103-і іске қосылса, қалған 42-сі жүзеге асырылу сатысында.
Жалпы, елордадағы арнайы экономикалық аймақтарда орналасқан кәсіпорындарда 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Жүзеге асырылып жатқан жобалар аясында тағы 2,5 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.