Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені және саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев диалогтың, сенімді нығайтудың және жан-жақты ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде АӨСШК әлеуетін кеңейтуге бағытталған Әзербайжан тарапының белсенді төрағалығын оң бағалады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
– Қазақстан үшін Кеңестің маңызы ерекше. Еліміз отыз жылдан аса уақыт бұрын кең байтақ өңірде өзара сенімді арттыру және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында осы форумды құру жөнінде бастама көтерген болатын. Содан бері АӨСШК өзара тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін мүше мемлекеттерді ортақ іске жұмылдырып келеді. Бастапқыда Азиядағы қауіпсіздікті сақтап, сенімді нығайтуды көздейтін жалпыға ортақ тікелей диалог форматында құрылған бұл алаң бүгінде бірегей форумға айналды. Ұйымға мүше елдер Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтиды. Мұнда Жер шары тұрғындарының жартысынан астамы өмір сүреді. Халықаралық институттардың көбінде мұндай әлеует жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форматтың ауқымы АӨСШК-нің зор әлеуетін танытатынын, ал ортақ болашақ құруға ұмтылған жалынды жастар оның қозғаушы күші саналатынын айтты.
– Қауіпсіз әрі гүлденген Азия құруға деген шынайы ниетімізді көрсететін АӨСШК рухы шын мәнінде белгілі брендке айналды. Бүгін Лаостың осы Ұйымға мүше болғанына қуаныштымын, – деді ол.
Мемлекет басшысы саммит форумның маңызына елеулі сын-қатер төніп тұрған кезеңде өтіп жатқанын айтты. Президенттің пікірінше, әлемде тыңғылықты байыптап, мұқият ойластырылған шешімді қажет ететін аса күрделі әрі бұрын-соңды болмаған үдерістер орын алып жатыр.
– Түптеп келгенде, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының іргесі шайқала бастады. Бұл жайт құқық үстемдігі көлеңкеде қалып, күш көрсету басымдыққа ие болған қауіпті үрдіспен қатар жүруде. Былтыр әлемде қарулы қақтығыстар саны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі көрсеткіштен асып түсті. Бұл кикілжіңдердің құны статистикалық деректермен ғана емес, адам ғұмырымен де өлшеніп жатыр. Өткен жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс болып, 37 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшты. 117 миллионнан аса адам босқынға айналды, ал 266 миллион жан ішер асқа жарымай отыр. Бұл ұзақ жылдар бойы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған бірлескен саяси күш-жігердің нәтижесін жоққа шығарды. Сондықтан Азияға анағұрлым мықты институттар қажет. Ниеттестік жөніндегі декларациялар қабылдаудың дәуірі өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2022 жылы Астанада ұйымдастырылған VI саммитте АӨСШК мүше мемлекеттері Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға уағдаласқанына назар аударды.
– Бүгінде Ұйымға төрағалық етіп отырған Әзербайжан бұл миссияны лайықты деңгейде іске асырып келеді. АӨСШК Жарғысының қабылдануын асыға күтеміз. Бұл алдағы іс-қимылымыздың жол картасы болады. Қазақстанның АӨСШК трансформациясына қатысты ұстанымы бұған дейін бекітілген міндеттемелерге негізделген. Сондай-ақ ортақ түсіністікке қол жеткізуге және тиісті келісімдерді әзірлеуге икем танытуды басшылыққа алады. Кеңес Азиядағы орнын сақтай отырып, жаһандық серіктестермен ынтымақтастыққа ашық институт болуға тиіс. Ұйым өзара сенім рухындағы дәйекті диалог пен сындарлы консультацияға негізделген қауіпсіздік моделін ілгерілетуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік мәселесі әрқашан АӨСШК қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін еске салды.
– Біздің Ұйым дау-дамайды бейбіт жолмен реттеуге, қарусыздандыруға және бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қоса алады. Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және басқа да халықаралық институттармен байланыс орната отырып, АӨСШК Азия мен одан тысқары аймақтардағы қайшылықтарды еңсеруде анағұрлым белсенді рөл атқаруға тиіс. Осы орайда, Кеңеске мүше елдердің ұжымдық саяси ерік-жігерін нәтижелі бастамаларға жұмылдыруға шақырамыз. Нақты қадам ретінде Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынамыз. Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі. Мұндай тетік Ұйымға мүше елдердің шешім шығаруға жүйелі түрде атсалысуына және мәлімдеме қабылдаудан гөрі келісілген іс-әрекетке көшуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, болашаққа бағдарланған Ұйым бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек.
– Жасанды немесе супер интеллект қазірдің өзінде экономикалық даму мен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын факторға айналды. Кибершабуылдар заманауи қақтығыстарды ушықтыруда төтенше рөл атқарады. Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы зор алаңдаушылық туғызады. ЖИ-дің мүмкіндігі молая түскенімен, оны халықаралық-құқықтық реттеу тетіктері жетіле қоймаған. Қазірдің өзінде ЖИ агенттерінің қорғау тетіктерін айналып өтіп, сыртқы жүйелерге рұқсатсыз қол жеткізу фактілері тіркелді. Егер халықаралық-құқықтық тетіктерді енгізу арқылы осы үдерістерді тоқтатпасақ, мұндай жағдайлардың салдары ауырлап, мемлекеттер арасындағы қақтығыс шиеленісе түсуі ықтимал. Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түспеуі керек. Сондықтан сенімді нығайту шаралары цифрлық ортаға да тиесілі. Меніңше, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, яғни жасанды интеллектімен толықтыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологияларын орынды пайдалану экономикалық өркендеуді жеделдететінін, сондай-ақ мемлекетті басқарудың тиімділігін арттырып, тұтас аймақтың даму мүмкіндігін кеңейте түсетінін атап өтті. Осы орайда, тәуекелдерді бірлесіп бақылау қажет.
– Жақында Вашингтонда қол қойылған Суперинтеллект бойынша келісімді құптаймыз. Шын мәнінде, бұл құжат Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы халықаралық шарттың негізі бола алады. АӨСШК аталған үдеріске зор үлес қосуға қауқарлы екеніне сенімдімін. Осы саладағы жаһандық күш-жігер аясында Қазақстан Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын орналастырады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттер аймағымыздың цифрлық болашағын бірге қалыптастыру үшін Орталық жұмысына атсалысады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.