Қарағандыда әйел шатырдан роупджампинг аттракционынан секіріп, қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Басылым мәліметінше, 33 жастағы қарағандылық "Созвездие" қонақүйінің төбесінен секірген. Ғимарат биіктігі 30 метр.
Әйел Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді: миы шайқалған, ісіген, миішілік гематома, травматикалық шок. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Алайда әйел аман қалмады, деп жазады басылым тілшісі.
Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі өкілдері бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Аталған дерек бойынша Қазақстан ҚК-нің 306-бабы 1-бөлігі "Тұтынушылар өмiрiнiң немесе денсаулығының қауiпсiздiгi талаптарына сай келмейтiн тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету, сол сияқты аталған тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердiң қауiпсiздiк талаптарына сай келетiндiгiн куәландыратын ресми құжатты құқыққа сыйымсыз беру немесе пайдалану, бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соғуы" бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметіндегілер.
Осы бап бойынша күдіктілерге 160 АЕК-ке дейін айыппұл, немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 160 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару я белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қаупі төніп тұр.