Оқу жылының басталуына орай көлікті белгіленбеген орындарға қою мәселесі өзекті бола түсті. Осыған байланысты Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы жүргізушілерге үндеу жасап, көлікті тоқтату және тұраққа қою ережелерін сақтауға шақырды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Көлікті тоқтату және тұраққа қою ережелерін бұзу жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Белгіленбеген орындарға қойылған көліктер жаяу жүргіншілер өткеліндегі көріністі жауып, адамдарды жолдың жүретін бөлігіне шығуға мәжбүрлейді және өзгелерге де кедергі келтіреді. Бұдан бөлек, мұндай көліктер жедел қызметтердің – жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі мен полиция көліктерінің өтуіне бөгет болады. Ал олардың оқиға орнына қаншалықты жылдам жетуі кейде адам өміріне тікелей әсер етеді», – деп атап өтті орталықта.
Әсіресе мектептер мен балабақшалардың маңында және оларға іргелес көшелерде жаяу жүретін балалардың саны артады. Сондықтан білім беру ұйымдарына апаратын жолдардың ашық әрі қауіпсіз болуы, сондай-ақ жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі көріністің шектелмеуі аса маңызды.
Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, тыйым салатын белгілердің әрекет ету аймағына және жаяу жүргіншілер өткелдеріне көлік қоймауға, сондай-ақ автокөлікті тек рұқсат етілген орындарға тұрақтатуға шақырды.
Ережені сақтау – қала жолдарындағы қауіпсіздікке әр жүргізушінің қосқан үлесі.