Астанада ауа райының жылынуына және электросамокат пайдаланушылар санының едәуір артуына байланысты елордалық полицейлер құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шараларды күшейтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері азаматтарға жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтау қажеттілігі туралы тұрақты түрде түсіндіру жұмысын жүргізуде. Әсіресе, электросамокаттарды қауіпсіз пайдалану, қорғаныс құралдарын қолдану, сондай-ақ пайдаланушылардың өздеріне де, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге де қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Рейдтік іс-шаралар барысында патрульдік полиция қызметкерлері электросамокаттарды пайдалану және орналастыру қағидаларын бұзу деректерін анықтауда. Ағымдағы кезеңде 200-ге жуық самокат пайдаланушысы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қозғалыс қағидаларын бұзу, сондай-ақ электросамокаттарды ретсіз қою және белгіленбеген орындарға қалдыру жаяу жүргіншілер үшін қауіпті жағдай туғызады, көлік қозғалысын қиындатады және азаматтардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың, балалар арбасымен жүрген ата-аналардың қауіпсіз қозғалуына кедергі келтіреді.
Рейдтер барысында полицейлер ережені бұзып орналастырылған электросамокаттарды коммуналдық тұрақтарға эвакуациялауда. Бүгінгі күні ондай тұрақтарға 170-тен астам электросамокат жеткізілді. Алдағы уақытта шерингтік компанияларға жеке мобильділік құралдарын орналастыру мен пайдалануды дұрыс ұйымдастырмағаны үшін әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылатын болады.
Елорда полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын электросамокаттарды пайдалану кезінде Жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасатын болады.