Астанада аумақтық қорғаныс бригадасының базасында әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиындары басталды. Дайындық барысында қатысушылар әскери дағдыларын пысықтап, бекітіп, қаладағы стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету бойынша іс-қимылдарды үйренеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мұндай оқу-жаттығу жиындары жылына екі рет – көктемде және күзде өткізіледі.
Астана қаласының жұмылдыру дайындығы департаменті бастығының бірінші орынбасары міндетін атқарушы, подполковник Мұрат Дүйсенбаевтың айтуынша, биылғы жиын 10 күнге жоспарланған. Оған 102 әскери міндетті қатысып жатыр. Олардың алтауы – офицер, қалғаны – сарбаздар мен сержанттар. Дайындық елорданың аумақтық қорғаныс бригадасының базасында өтеді.
Бұл ретте сөз аумақтық қорғаныс туралы болып отыр. Оның өзіндік ерекшеліктері бар. Бөлімшелер тек әскери нысандарда ғана емес, мектептерде, ауруханаларда және басқа да нысандарда орналасуы мүмкін. Себебі олардың негізгі міндеті – стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету және қала аумағында ішкі қауіп-қатерлер туындаған жағдайда әрекет ету.
Он күн бойы әскери міндеттілер белгіленген күн тәртібімен өмір сүріп, қызметтік даярлық бағдарламасы бойынша дайындықтан өтеді. Сонымен қатар олар қала аумағында өтетін командалық-штабтық оқу-жаттығуларға қатысады. Негізгі назар төтенше жағдайлар туындаған кезде бөлімшелердің іс-қимылдарын іс жүзінде пысықтауға аударылады.
Аумақтық қорғаныс қаланың маңызды инфрақұрылым нысандарын қорғауға арналған. Мысал ретінде қаладағы министрліктер, су қоймалары және стратегиялық маңызы болуы мүмкін басқа да нысандарды атауға болады.
Әскери міндеттілер тек әскери бөлім аумағында болумен шектелмей, бағдарламада көзделген дайындықтың барлық кезеңінен өтеді. Оған бөлімге келу, жабдықталу, бөлімшелерге бөліну және оқу процесі кіреді. Сондай-ақ әскери міндеттілер бөлімше құрамында іс-қимыл жасауды, нысандарды күзету және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындауды үйренеді.
Астана қаласы Қорғаныс істері департаментінің өкілі, отставкадағы подполковник Ғани Артықовтың айтуынша, әскери міндеттілердің жоспарлы оқу-жаттығу жиындары елорда әкімінің қаулысы негізінде өткізіледі. Запаста тұрған және аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген әскери міндеттілер кезекті дайындыққа жіберіледі.
«Жиынға қатысушылар әскери қызмет кезінде алған білімдері мен дағдыларын қайталайды. Бөлімшелер роталар құрамында жасақталып, қатысушылар іс-қимылдарды іс жүзінде пысықтай алады. Сонымен қатар оларға түрлі шабуылдарға қарсы тұру және ерекше кезеңде тиісті нысандардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету міндеттерін орындауды үйрену қажет», – деді Ғани Артықов.
Жиын кезінде әскери міндеттілер үйлеріне қайтпайды. Олар казармалық жағдайда болады. Департамент өкілінің айтуынша, аумақтық қорғаныс бригадасы қажетті жағдайларды алдын ала дайындаған. Әскери міндеттілер келгеннен кейін оларды бөлімшелерге бөлу, киім-кешек және жеке қорғаныс құралдарын, соның ішінде противогаздарды беру рәсімі жүргізіледі.
Әскери міндеттілердің оқу-жаттығу жиындарына қатысуы белгілі бір мерзімділікпен жүзеге асырылады. Мұрат Дүйсенбаевтың айтуынша, әскери міндеттілер мұндай жиындарға шамамен бес жылда бір рет қатысуы мүмкін. Бұл ретте запастағы офицерлер 60 жасқа дейін, ал сержанттар мен сарбаздар 50 жасқа дейін әскери есепте тұрады. Белгіленген жасқа толғаннан кейін әскери міндетті есептен шығарылады. Оқу-жаттығу жиынынан өткеннен кейін келесі шақырту шамамен бес жылдан соң болуы мүмкін.
Сонымен қатар мұндай жиындарға қатысатын әскери міндеттілерге бірқатар әлеуметтік кепілдік қарастырылған. Жиын кезінде олардың негізгі жұмыс орнындағы жалақысы сақталады. Бұдан бөлек, тиісті негіздер болған жағдайда әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар берілуі мүмкін.