Астанада бірнеше жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Оның аясында елорда тұрғындары өз аулаларын абаттандыру мен жаңғыртуға тікелей атсалыса алады. Биыл қаланың алты ауданында іске асыруға ұсынылған жобалар іріктеліп, мақұлданды. Қазіргі таңда аулалардың басым бөлігінде жұмыс аяқталып, нысандар пайдалануға берілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2026 жылғы дауыс беру қорытындысы бойынша Есіл ауданында бес аумақты абаттандыру туралы өтінім мақұлданды. Олар – «Адина», «Венский квартал», «Арман қала 5», «Арман қала 4» және «Лазурный квартал» тұрғын үй кешендері.
Қазіргі таңда төрт нысандағы жұмыс толық аяқталды. «Лазурный квартал» тұрғын үй кешеніндегі абаттандыру жұмысы да аяқталуға жақын.Абаттандыру барысында тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыс жүргізілді. Балалар және спорт алаңдары орнатылып, сыртқы жарықтандыру жүйесі жасалды. Аумақтар жөнделіп, көгалдандырылды. Сонымен қатар орындықтар, қоқыс жәшіктері және өзге де шағын сәулет нысандары қойылды.

Алматы ауданында жоба аясында 25-тен астам аула абаттандырылды. Атап айтқанда, Момышұлы даңғылы, 16; Рысқұлбеков көшесі, 16; Рысқұлбеков көшесі, 6; Күйші Дина көшесі, 22; Абылай хан даңғылы, 12/2; Абылай хан даңғылы, 33; Жұмабаев даңғылы, 16/2; Мұстафин көшесі, 5/1; Манас көшесі, 11/1 мекенжайларында жұмыстар жүргізілді.
Жобаға қосымша қатысқан аулалар қатарында Момышұлы даңғылы, 2, 2а, 2в; Мүсірепов көшесі, 10/2; Сәтбаев көшесі, 4/1; Манас көшесі, 11/3 және басқа да мекенжайлар бар.
Бұл нысандарда балалар алаңдары абаттандырылып, заманауи ойын кешендері, әткеншектер мен құмсалғыштар орнатылды. Қауіпсіз тартан жабыны төселді. Сонымен қатар спорт алаңдары жасалып, демалыс орындары ұйымдастырылып, аумақтар көгалдандырылды.
Сарайшық ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 11 аула аумағы абаттандырылды. Жаңарған аулалар Т. Жүргенов көшесі, 18/2; Р. Қошқарбаев даңғылы, 60; К. Әзірбаев көшесі, 6; К. Әзірбаев көшесі, 6/1; К. Әзірбаев көшесі, 6/2; К. Әзірбаев көшесі, 6/3; К. Әзірбаев көшесі, 6/4-6/5; А. Байтұрсынұлы көшесі, 17/2; А. Байтұрсынұлы көшесі, 17; А. Байтұрсынұлы көшесі, 19 және А. Байтұрсынұлы көшесі, 27 мекенжайларында орналасқан.
Нұра ауданында биыл сегіз ауланы абаттандыру туралы өтінім мақұлданды. Оның алтауы абаттандырылып, пайдалануға берілді. Олар Айғаным көшесі, 23; Сығанақ көшесі, 16/1; Айтматов көшесі, 41, 41А және 41Б; Тұран даңғылы, 14/1 мекенжайларында орналасқан. Тағы екі жобаны жаздың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Байқоңыр ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасына қатысу үшін 15 өтінім түскен. Жоба аясында аулалар кешенді түрде жаңғыртылып, тозығы жеткен алаңдар заманауи демалыс және спортпен шұғылдану орындарына айналды. Барлық жұмыс жергілікті тұрғындардың ұсыныс-тілектері ескеріле отырып жүргізілді. Бұл жаңарған аумақтарды тұрғындар үшін барынша қолайлы әрі тиімді етуге мүмкіндік берді.
Абаттандыру жұмысы Отырар көшесі, 7; Отырар көшесі, 9; Отырар көшесі, 11; Отырар көшесі, 10; Республика даңғылы, 16 және 16/1; Республика даңғылы, 18; Абай даңғылы, 49 және 51; Жақып Омаров көшесі, 150; А. Бараев көшесі, 18, 18/1 және 18/2; Отырар көшесі, 2/1; Абай даңғылы, 34 мекенжайларында жүргізілді.
Сонымен қатар С. Сейфуллин көшесі, 65 мекенжайындағы аулада аумаққа асфальт төселді.
Сарыарқа ауданында 10 аула аумағын абаттандыру жұмысы аяқталды. Қазір тағы төрт мекенжайда жұмыс жалғасып жатыр. Жобаларды іске асыру нәтижесінде балалар және спорт алаңдары жаңартылып, шағын сәулет нысандары орнатылып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалуда.
Жұмыс Титов көшесі, 12 және 14; Жеңіс даңғылы, 5; К. Күмісбеков көшесі, 7/1; Тілендиев даңғылы, 16/1; Бейбітшілік көшесі, 62; Біржан сал көшесі, 1; И. Құтпанов көшесі, 3; С. Сейфуллин көшесі, 11 және 20, сондай-ақ Сарыарқа даңғылы, 11 мекенжайларында аяқталды.
«Халық қатысатын бюджет» жобасы бірнеше жылдан бері аула аумақтарын абаттандырып, тұрғындардың өмір сүру ортасын жақсартуға мүмкіндік беретін тиімді тетік ретінде өз нәтижесін көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, биыл қала әкімдігі 173 аула және қоғамдық кеңістігін (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырады.