Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруда. Қайтарылған қаражат халықтың аса қажетті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталуда. Осы қаражат есебінен сумен жабдықтау жүйелері салынып, жаңғыртылуда, мектеп, балабақша, медициналық мекемелер, спорт нысандары және көлік инфрақұрылымы салынуда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде Қазақстанға негізінен ақшалай нысанда 1,1 трлн теңгеден астам актив қайтарылды. Бұл қаражат инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды дамыту қажет өңірлердегі нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.
Қайтарылған қаражат Арнаулы мемлекеттік қор арқылы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуда. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде жалпы сомасы 617,7 млрд теңгеден асатын 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданды.
Қайтарылған активтердің қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға қалай ықпал етіп жатқаны туралы толығырақ Primeminister.kz редакциясының шолу материалынан оқи аласыздар.
Сумен жабдықтау жүйелері: ауылдарда және қалаларда ауыз суға қол жеткізу
Мемлекет басшысының халықты 100% ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасы аясында Арнаулы мемлекеттік қордан еліміздің барлық өңірінде 267 жобаны жүзеге асыруға 226,5 млрд теңге бөлінді.
Ақмола облысында тек 2025 жылы сумен қамтамасыз ету жүйесін дамытуға 23 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. 32 жобаны жүзеге асыру ондаған ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Өткен жылы біздің ауылда су құбыры тартылып, үйлерге су кіргізілді. Барлық жұмыс аяқталып, тұрғындар тұрақты сумен қамтамасыз етілді. Ауылымызға көрсеткен қолдауы үшін Президентімізге үлкен рақмет», – деді Ақмола облысы Садовое ауылының тұрғыны Сұлушаш Байгулина.
Солтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 14,9 млрд теңге болатын 28 жоба аяқталды. Нәтижесінде Айыртау, Есіл, Мамлют, Тайынша аудандары мен Шал ақын ауданының 30-дан астам ауылының тұрғындары тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Абай облысында 20 мыңға жуық ауыл тұрғындарын қамтыған 15 жоба жүзеге асырылды.
Алматы қаласында қор қаражаты есебінен Қайрат, Ақжар, Ақбұлақ, Боралдай және Қарағайлы шағын аудандарында су құбыры мен кәріз тарату желілері салынды.