Құрық портында КӨК-1 және КӨК-2 көтергіш-өтпелі көпірлерін жаңғырту жұмыстары сәтті аяқталды. Жаңғырту нәтижесінде паромдарды өңдеу уақыты қысқарып, порт инфрақұрылымының жұмыс тиімділігі артты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңғырту аясында көпірлердің пайдалану мүмкіндіктері кеңейтіліп, теміржол паромдарын өңдеу уақыты 18 сағаттан 12 сағатқа дейін, ал автопаромдарды өңдеу уақыты 10 сағаттан 6 сағатқа дейін қысқарды.
Ал, теміржол паромдарының сыйымдылығы 40 вагоннан 48 вагонға дейін ұлғайтылды. Бұл жүк тасымалы көлемін арттырып, порттың өткізу қабілетін жақсартуға мүмкіндік берді.
Инфрақұрылымды жаңғырту Құрық портының Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойындағы стратегиялық торап ретіндегі маңыздылығын нығайтып, еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кету керек, 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша Құрық порты 884,8 мың тонна жүк өңдеді. Бұл порт қызметтеріне деген тұрақты сұранысты және оның Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы маңызды рөлін айқындайды.
Жүк ағыны құрылымында теміржол бағыты бойынша 475,5 мың тонна жүк тиелді, оның ішінде 242,3 мың тоннасы экспорттық, ал 233,2 мың тоннасы импорттық жүктер болды. Автомобиль бағыты бойынша 306,2 мың тонна жүк өңделді, оның 151,4 мың тоннасы экспорт, ал 154,8 мың тоннасы импорт. Сонымен қатар, порттың астық терминалы арқылы 104,1 мың тонна астық дақылдары тиелді.
Құрық порты жүктерді сенімді өңдеуді қамтамасыз ете отырып, логистикалық үдерістердің тиімділігін арттыруды жалғастыруда. Бұл Қазақстанның Каспий өңіріндегі маңызды көлік-логистикалық торап ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.