Астана қаласында Қазақстан Республикасы Көлік министрінің орынбасары Мақсат Қалиақпаровтың төрағалығымен аумақтық көліктік бақылау инспекцияларының басшыларымен кеңес өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Кеңесте автомобиль, теміржол және су көлігі салаларындағы мемлекеттік бақылау жұмыстары, аумақтық органдар қызметінің негізгі көрсеткіштері мен мемлекеттік бақылаудың тиімділігі қаралды. Сонымен қатар көлік саласындағы бақылау-қадағалау қызметін одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.
Жиында көлік саласындағы заңнаманы жетілдіру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын қатаң сақтау және лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру, бақылау-қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру, процестерді цифрландыру және заманауи мониторинг құралдарын енгізу мәселелері қаралды. Бұл шаралар тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік заңнамасы талаптарының сақталуын күшейтуге бағытталған.
Кеңес қорытындысы бойынша Көлік министрінің орынбасары аумақтық көліктік бақылау инспекцияларының басшыларына мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, заңнаманы бірыңғай қолдануды қамтамасыз ету, көлік тасымалдарына бақылауды күшейту және министрлік жүктеген міндеттердің сапалы орындалуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.