Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде (ҚАӘ) ұйымның құрылғанына 7 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Сәрсен Жарылғасов, Қазақстан Республикасының Халықаралық азаматтық авиация ұйымындағы (ИКАО) Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов, ҚР Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаментінің директоры Нұржан Малаев, сондай-ақ әуе компаниялардың өкілдері – SCAT әуе компаниясының Вице-президенті Владимир Сытник және Air Astana әуе компаниясының Бас операциялық директоры Филиппос Сиаккас, ҚАӘ басшылығы мен ұжымы қатысты.
Жеті жыл ішінде ҚАӘ мемлекеттік реттеудің жаңа институционалдық моделін қалыптастырудан бастап, Қазақстанды Орталық Азияның авиация саласындағы көшбасшы елдердің бірі ретінде танытуға дейінгі жолдан өтті. Ұйымның негізгі басымдықтары – ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, саланың тұрақты дамуы және Қазақстанның авиациялық жүйесіне деген сенімді арттыру.
Ол ұйымның әрбір жетістігінің артында қызметкерлердің жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігі тұрғанын атап өтті.
Айтулы датаға орай және кәсіби мереке – Көлік қызметкерлері күні қарсаңында ҚАӘ-ің бірқатар қызметкеріне «Құрметті авиатор» төсбелгісі табысталды. Олардың қатарында ұшу қауіпсіздігі, стратегия, стандарттау және үйлестіру жөніндегі басқарушы директор Жанат Абдугалимов, авиациялық қауіпсіздік департаментінің директоры – бас авиациялық инспектор Данияр Канлыбаев, рәсімдерді оңайлату, жолаушылар мен жүктерге қызмет көрсету департаментінің директоры – бас авиациялық инспектор Всеволод Ким, аэродромдар және жерүсті қызмет көрсету департаментінің аға авиациялық инспекторы Леонид Островский және азаматтық авиацияны стратегиялық талдау және дамыту департаменті Стратегиялық талдау басқармасының аға менеджері Жанар Бердекешова бар.
ҚАӘ-ің осы жылдардағы негізгі жетістіктерінің қатарында – 2025 жылы авиациялық қауіпсіздік саласындағы ИКАО стандарттарына сәйкестік көрсеткішінің 95,7%-ға жетуі, бұл Қазақстанның әлемдегі ТОП-20 елдің қатарына енуіне мүмкіндік берді; ұшу қауіпсіздігі саласындағы ИКАО стандарттарына сәйкестіктің 82%-ға жетуі. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден 15 пайыздық тармаққа жоғары және EASA-ға мүше мемлекеттердің көрсеткішіне (85%) жақын, сондай-ақ Еуропа және Солтүстік Атлантика өңірінің (77%) және әлемдік орташа көрсеткіштен (67%) жоғары.
Сондай-ақ Қазақстан ИКАО-ның Валидациялық миссиясынан (ICVM) сәтті өтті және ИКАО-ның Global Reporting Format (GRF) стандарттарын 100% енгізген ТМД-дағы алғашқы ел атанды. ААК қызметі аясында Еуропалық комиссия сарапшыларының техникалық бағалауы өткізілді, сондай-ақ АҚШ Көлік қауіпсіздігі басқармасының (TSA) сарапшылары Қазақстанға жұмыс сапарымен келді.
ҚАӘ азаматтық авиация саласындағы жоғары жетістіктері, инновациялары және тиімді басқаруы үшін берілетін беделді халықаралық Air Transport News Corporate Award сыйлығының иегері атанды.
2020 жылы ҚАӘ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін салынған алғашқы әуежай – Түркістан қаласындағы «Хазрет Сұлтан» халықаралық әуежайына аэродром жарамдылығы сертификатын берді.
2024 жылы Қазақстан Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің мониторингінен шықты. Соның нәтижесінде қазақстандық әуе компаниялар Еуропалық Одақ елдеріне шектеусіз рейстер орындай алады.
2025 жылы ҚАӘ өкілі Қазақстан авиациясы тарихындағы авиациялық қауіпсіздік саласындағы алғашқы ИКАО сертификатталған аудиторы атанды.
Қазіргі уақытта Қазақстанның азаматтық авиациясын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі Бас жоспар әзірленуде. 2026 жылы ИКАО шешімімен Астанада азаматтық авиациядағы маңызды халықаралық іс-шара – ICAO Security Week (AVSEC 2026) өтеді.
Биылғы жылы Қазақстан Республикасының Президенті авиация саласындағы заңнамаға бірқатар түзетулер енгізуге бағытталған заңға қол қойды. Қазақстанда алғаш рет электрлік тік көтерілу және қону әуе кемелерінің (eVTOL), сондай-ақ вертипорттар мен оларды басқару жүйелерінің құқықтық мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітілді.
ҚАӘ-ің жетістіктері Қазақстанның азаматтық авиация саласының қарқынды дамуымен қатар жүріп келеді. Жолаушылар ағыны артып, маршруттық желі кеңеюде, жаңа халықаралық бағыттар ашылуда, саладағы жаңа субъектілер пайда болып, жаңа әуе компаниялары құрылуда, әуе кемелерінің паркі ұлғаюда және жаңа аэродромдар салынуда. Олардың қатарында Божбан, Кендерлі, Катонқарағай, Зайсан және Арқалықтағы жобалар бар.
2020 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі кезеңде ҚАӘ авиациялық инспекторлары жалпы 4 565 іріктеп және жоспардан тыс тексеру мен сертификаттық зерттеу жүргізді, 5 831 рұқсат беру құжатын берді.
Бүгінде ҚАӘ 22 мемлекеттік қызмет көрсетеді және олардың көлемі жыл сайын артып келеді. 2020 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін ҚАӘ тарапынан 40 540 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу мақсатында халықаралық бағалаулардан өтуге дайындық жалғасуда. Атап айтқанда, АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) бағалауынан өту және Category 1 (CAT 1) санатын алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл санат Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейстерін орындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар АҚШ Көлік қауіпсіздігі басқармасының (TSA) бағалауына дайындық жүргізілуде.
ҚАӘ ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтық авиацияны дамыту және Қазақстанның әлемдік авиация жүйесінің сенімді әрі жауапты қатысушысы ретіндегі халықаралық позициясын нығайту бағытындағы жұмысын жалғастырады.