Қазақстанның басым бөлігінде синоптикалық жағдай өзгереді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, 16–17 шілдеде кейбір аудандарда нөсер жаңбыр күтіледі. Бұршақ жаууы, дауылды желдің күшеюі мүмкін.
Жауын-шашынның әсерінен еліміздің батысында аптап ыстық біртіндеп бәсеңдейді: күндіз ауа температурасы +22…+35°С, солтүстікте қысқа мерзімді төмендеу байқалып, +21…+36°С болады. Ал республиканың орталығы мен шығысында өте қатты ыстық сақталып, ауа температурасы +41°С-қа дейін көтеріледі.
Сонымен қатар республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысының жекелеген аудандарында Орта Азия өңірлерінен келетін ыстық ауа массаларының ықпалы сақталады. Бұл өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі, тек оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында ғана өткінші жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін. Күндіз ауа температурасы +41…+46°С-қа дейін жетіп, климаттық нормадан жоғары болады.