Әлемдік автомобиль өнеркәсібінің технологиялық жаңаруы мемлекеттік энергетикалық кешеннің қатар дамуын талап етеді. Энергетика мен логистикалық инфрақұрылымның өзара байланысының негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Automechanika Astana 2026 халықаралық көрмесінің 10-шы мерейтойлық ашылу рәсімінде айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік үшін жаһандық автомобиль бизнесінің өкілдерімен диалогтың тікелей макроэкономикалық маңызы бар. Өйткені урбанизация қарқынының артуы, көлік санының көбеюі және экологиялық стандарттардың енгізілуі елдің электр энергиясын өндіру қуаттарына, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарын өндіру саласына қосымша жүктеме түсіреді.
Ерлан Ақбаровтың айтуынша, дәстүрлі көлік түрлерінің дамуы жоғары технологиялық мотор отыны мен заманауи қоспалардың тұрақты өндірісін талап етеді. Сонымен қатар электр көліктері секторының қарқынды өсуі қалалық зарядтау инфрақұрылымын кеңейтуге және қосымша электр қуаттарын арттыруға бағыт береді. Осы үдерістерді үйлестіру министрлікке энергетикалық жүйеге түсетін жүктемені тиімді бөлуге және электр энергиясының резервтерін уақтылы дайындауға мүмкіндік береді.
«Автомобиль индустриясы біздің энергетикалық кешен алдына күн сайын жаңа стратегиялық міндеттер қояды. Дәстүрлі көліктің дамуы өндірушілерден жоғары технологиялық мотор отыны мен заманауи қоспаларды тұрақты шығаруды талап етеді. Сонымен қатар электр көліктері секторының өсуі қалалық қуаттау инфрақұрылымын жедел кеңейтуге және қосымша электр қуаттарын айтарлықтай арттыруға бағыт береді. Бүгінде көлік пен энергетика біртұтас әрі үйлесімді жүйе ретінде жұмыс істейді», – деді Ерлан Ақбаров.
Көрмеге 23 елден келген өндірістік және дистрибьюторлық компаниялардың, сондай-ақ Еуропа мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің қатысуы тікелей инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Еуразияның негізгі көлік дәліздерін жаңа технологиялық шешімдерге көшіру өңірдің отын қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Қазақстанның Еуразия құрлығының басты сауда және көлік бағыттарының тоғысында орналасуы мемлекеттен жол бойындағы энергетикалық логистиканы жоғары халықаралық деңгейде ұстауды талап етеді. Бұл өз кезегінде елдің транзиттік бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
«Қазақстан Еуразияның негізгі құрлықтық сауда бағыттарының тоғысқан жерінде орналасқан. Жүк және жолаушылар ағындарының жоғары қарқындылығы мемлекеттен жол бойындағы энергетикалық логистиканы әлемдік үздік стандарттар деңгейінде дамытуды талап етеді. Бүгін шетелдік жеткізушілердің инновациялық инженерлік шешімдерін отандық бизнес өкілдерімен талқылау Қазақстан Республикасының транзиттік бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырады», – деп атап өтті Ерлан Ақбаров.
Форумның іскерлік бағдарламасы тікелей B2B келісімдерін жасауға, өндірісті жергіліктендіруді тереңдетуге, техникалық сұйықтықтарды импорт алмастыруға және электр көліктерін жөндеудің баламалы шешімдерін іздеуге бағытталған.
Кадрлық әлеуетті дамытуға Automechanika Academy жобасы да үлес қосады. Ол қазақстандық инженерлер мен мамандарды энергия сыйымдылығы жоғары көлікпен жұмыс істеуге қайта даярлауға бағытталған. 12 маусымға дейін жалғасатын келіссөздердің қорытындылары жаңа бірлескен кәсіпорындар құруға және ұзақ мерзімді технологиялық әріптестікті дамытуға негіз болады.
Automechanika Astana 2026 көрмесіне әлемнің 23 елінен 400-ден астам компания қатысып, кәсіби диалог, жаңа әзірлемелерді таныстыру және ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылауға арналған тиімді алаңға айналды.