Қазақстан Республикасынының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі арнайы өкілі – АҚШ-тың Үндістандағы Елшісі Серджио Гормен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылап, экономикалық және инвестициялық серіктестікті дамытуға, инновациялар мен жасанды интеллект, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударды. Сондай-ақ көлік, логистика және аса маңызды минералдар салаларындағы ынтымақтастық перспективалары жеке қарастырылды.
Е.Көшербаев Қазақстанда ауқымды конституциялық реформалар мен ұлттық экономиканы жаңғырту бағдарламалары дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Астана Вашингтонды инвестициялар тарту, технологиялық жаңғыру және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету салаларындағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Осы тұрғыда тараптар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасында 2025 жылғы қарашада Ақ үйде өткен кездесу барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын жан-жақты талқылады.
ҚР СІМ басшысы сондай-ақ алдағы «С5+1» аса маңызды минералдар жөніндегі диалогына (Critical Minerals Dialogue) жоғары деңгейде қатысатыны үшін америкалық тарапқа алғыс білдірді. Бұдан бөлек, тараптар АҚШ пен Орталық Азия елдерінің бизнес-делегациялары қатысатын жоспарланған дөңгелек үстелдің сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге қосымша серпін берудегі маңызын атап өтті.
Өз кезегінде С.Гор қазақ тарапына қонақжайлығы үшін алғыс айтып, екіжақты және өңірлік күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша белсенді диалог пен практикалық өзара іс-қимылды жалғастырудың маңыздылығын растады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады.