Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры Крайова қаласында (Румыния) өткен халықаралық «The Craiova International Shakespeare Festival» фестивалі аясында ересектерге арналған «Ромео мен Джульетта» спектаклін ұсынып, еуропалық көрермендер тарапынан жоғары бағасына ие болды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«The Craiova International Shakespeare Festival» – ұлы драматург Уильям Шекспирдің шығармашылық мұрасын заманауи тұрғыда зерделеуге, театр өнерін дамытуға және тәжірибе алмасуға бағытталған ең айтулы халықаралық театр алаңдарының бірі. Фестиваль 1994 жылдан бері Крайова қаласындағы Марин Сореску атындағы Ұлттық театрдың бастамасымен екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Биылғы фестиваль 21-31 мамыр аралығында өтіп, әлемнің 28 елінен келген 90-нан астам шығармашылық ұжымды біріктірді. Он күн ішінде көрермендерге шамамен 300 мәдени іс-шара ұсынылды.

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры бұл әйгілі халықаралық фестивальге 2025 жылы Францияның Авиньон қаласында өткен халықаралық «Off Avignon» театр фестивалінен кейін арнайы шақырту алған болатын. Сол кезде «Ромео мен Джульетта» спектаклі әлемге әйгілі махаббат хикаясының ерекше камералық интерпретациясы арқылы халықаралық театр мамандарының назарын аударған еді.
«Ромео мен Джульетта» спектаклі 2019 жылы режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен сахналанды. Қойылымның хореографы – Анна Цой, қоюшы-суретшісі – Юлия Чернова. Спектакль бұған дейін Франция, Канада, Болгария, Ресей, Түркия және Қазақстандағы халықаралық театр фестивальдерінде жоғары марапаттарға ие болды. Крайова қаласындағы қойылымда артистер Ұлан Адамбаев, Бота Табылдиева, Мақсат Камалов, Шохан Құлназаров, Эльмира Құмарова және Арайлым Байырбекова өнер көрсетті.
Крайовадағы көрсетілім көрермендердің зор қызығушылығын тудырды. Лық толы зал мен спектакль аяқталғаннан кейінгі ұзақ қол шапалақтау көрермендердің ыстық ықыласын айқын көрсетті. Артистердің жанды ойыны, қуыршақ жүргізудегі шеберлігі, пластика мен хореографияның үйлесімді үндестігі, сондай-ақ сценографиялық шешімнің тұтастығы театр мамандары тарапынан жоғары бағаланды. Фестиваль қонақтары мен халықаралық театр қауымдастығының өкілдері қазақстандық қуыршақ өнерінің жоғары кәсіби деңгейін атап өтті.
Көрсетілімнен кейін театр ұжымы 2027 жылы Румынияда өтетін «The International Theatre Festival «Elvira Godeanu» халықаралық театр фестиваліне қатысуға шақырту алды.