Астана өнер мұражайы алғаш рет «Мұражайлар түні» халықаралық акциясына қатысты. Іс-шара Халықаралық мұражайлар күні аясында өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Келушілердің ерекше қызығушылығын мұражай ғимараты тудырды. Мұнда осыған дейін XIX ғасырдың аяғында салынған мектеп орналасқан болатын. 1982 жылдан бастап бұл нысан республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мазмұнды мәдени-танымдық бағдарлама дайындалды: экскурсиялар, шеберлік сыныптары, көрмелер, лекциялар мен музыкалық қойылымдар ұйымдастырылды.
«Мұражай жақында ашылды, сондықтан биыл біз елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени кеш ұйымдастырып, «Мұражайлар түні» акциясына қатысуды жөн көрдік», – деді Астана әкімдігінің «Біріккен мұражайлар дирекциясы» МКҚК директорының орынбасары, Өнер мұражайының директоры Сахария Баянды.
Іс-шараға қатысушыларды Креативті индустриялар қорының басқарушы директоры Ерлан Каналимов та құттықтады. Ол мұндай іс-шаралар Қазақстанның тарихы мен мәдениетін дәріптеуге септігін тигізетінін атап өтті.
«Мұндай акциялар бірінші жыл ғана өткізіліп жатқан жоқ. Бұл – елорда мұражайлары қатысатын ауқымды іс-шара. Әрбір ниет білдіруші келіп, ел мен халықтың тарихы туралы көбірек біле алады. Әр мұражайдың өз миссиясы бар, ал Өнер мұражайының міндеті – халық тарихын шығармашылық пен музыкалық аспаптар арқылы жеткізу», – деп атап өтті ол.
Кеш қонақтары сирек кездесетін ұлттық музыкалық аспаптар коллекциясымен танысты. Мұражай залдарында 1600-ден астам жәдігер қойылған. Келушілердің ерекше назарын сирек кездесетін және ұмытыла бастаған аспаптар – желбуаз, мес сырнай, үілдек, тастауық және т.б. аударды. Олардың көбін мұражай қызметкерлері этнографиялық және тарихи материалдар негізінде қайта қалпына келтірген.
Сондай-ақ, шеберлер қазақ халқының ұлттық аспаптарын жасау процесін көрсетті.
Танымал алаңдардың бірі шағын киіз үй – дәстүрлі баспананың интерактивті макеті болды. Балалар киіз үйді өз бетінше жинап, бөлшектей алды, сонымен қатар оның бөлшектері мен конструкциялық элементтерінің атауларымен танысты. Ал жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы киіз үйдің тарихы мен маңызы туралы лекция өткізді.
«Керемет акция. Мен мұражайға жиі келемін және оның қызметкерлерінің жұмысына әрдайым таңғаламын. Олар әртүрлі аспаптарда шебер ойнап қана қоймай, өздері де жасайды. Мұндай іс-шаралар қала тұрғындарына мұражай қызметін жақынырақ білуге мүмкіндік береді», – деп әсерімен бөлісті келуші Венера Ержанқызы.
Кеш мұражайдың мультиаспапты ансамблінің өнер көрсетуімен аяқталды.