14 мамыр күні ҚР ІІМ Ұлттық ұланының авиациялық базасы құрылғанына 34 жыл толды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы уақыт аралығында 3656 әскери бөлімі құқықтық тәртіп әскерлерінің сенімді әуе тірегіне айналып, жеке құрамды жедел жеткізу, арнайы тапсырмаларды орындау және гуманитарлық миссияларға қатысу бағытында маңызды қызмет атқарып келеді. 2025 жылдан бері авиациялық эскадрилья экипаждары әуеде 1924 сағат ұшты. Бұл үздіксіз ұшудың шамамен 80 тәулікке тең көрсеткіші. Жалпы ұшу жүктемесінің үштен бірінен астамы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау міндеттеріне тиесілі. Осы кезеңде Ұлттық ұлан авиациясы 7 мыңнан астам жолаушы және 607 тонна жүк тасымалдады. 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Ұлттық ұланның авиабазасын ашып, құқықтық тәртіп авиациясының дамуына жаңа серпін берді.
Заманауи инфрақұрылымның іске қосылуы бөлімшенің мүмкіндігін кеңейтіп, авиацияны жедел қолдану әлеуетін айтарлықтай арттырды. Бүгінде Ұлттық ұланның ұшақтары мен тікұшақтары Қазақстанның мемлекеттік авиациясының маңызды құрамдас бөлігі ретінде ел аумағында күштер мен құралдарды жедел жеткізу міндеттерін тиімді атқарып келеді. Әскери бөлім экипаждары жыл сайын "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасына қатысып, құрамында есірткісі бар өсімдіктердің заңсыз егістіктерін анықтау мақсатында барлау ұшуларын орындайды. Сондай-ақ ұшқыштар "Өрт - 2025" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына да жұмылдырылды.