Қасым-Жомарт Тоқаев Ясутоши Нишимураны Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасының төрағасы болып тағайындалуымен құттықтады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында өзара ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен перспективасы, парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылды.
Президент Жапония еліміздің Азиядағы негізгі әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы былтыр Токиоға жасаған ресми сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысына тоқталып, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты арттыру мүмкіндіктері зор екеніне назар аударды.
– Біз Токиомен кеңейтілген стратегиялық ықпалдастықты тереңдетуге айрықша мән береміз. Мен былтыр Жапонияға ресми сапармен бардым. Оның қорытындысы қазақ-жапон байланыстарын жаңа деңгейге көтерді. Сапар аясында құрметті Санаэ Такаичи ханыммен екіжақты қарым-қатынастың барлық бағытын қамтитын бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Сапар кезінде сауда, ғылым және білім, цифрландыру, экология, ауыл шаруашылығы саласына қатысты 17 ведомствоаралық маңызды құжат бекітілді. Қос мемлекеттің бизнес өкілдері түрлі бағытта жалпы құны 3,7 миллиард доллар болатын 60-тан астам құжатқа қол қойды. Токиода «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммитін табысты өткіздік. Бұл алқалы жиын аймақаралық байланыстарды күшейтуге септігін тигізгені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған саммит келесі жылы Астанада өтетінін еске салып, оған дайындық жұмыстары басталып кеткенін жеткізді.
Сонымен қатар Президент пен Достық лигасының төрағасы мәдени-гуманитарлық байланыстарды талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Жапонияның мәдениеті мен дәстүрлі спорт түрлеріне, әсіресе сумо және дзюдо күрестеріне қызығушылық артып келе жатқанын айтып, қазақстандық сумошы Кимбозан Харукидің (Ерсін Балтағұл) жетістіктеріне тоқталды.

Ясутоши Нишимура арнайы уақыт тауып жүздескені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ Жапония Парламенті Қазақстанмен көпжоспарлы ықпалдастық аясын кеңейтуге дайын екенін растады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ парламентаралық байланыстарды нығайтуға және дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Ясутоши Нишимураны І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.