Атырауда мас күйде мопед көлік құралын басқарған жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
19 сәуір күні сағат 04:00 шамасында патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқару барысында қала аумағында мопед көлік құралын тоқтатып, тексеру жүргізді. Тексеру кезінде жүргізушіден алкоголь иісі анықталды. Аталған азамат медициналық сараптамаға жеткізіліп, қорытындысына сәйкес оның орта дәрежелі масаң күйде екені белгілі болды. 43 жастағы азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік іс-құжаттар жинақталды.
Сот шешімімен ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Мас күйде көлік жүргізу – жолдағы ең қауіпті әрі өрескел құқықбұзушылықтардың бірі. Мұндай әрекеттер тек жүргізушінің ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына да үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты полицейлер жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, рөлге тек сау күйде отыруға және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.