Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсаты – жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және қоғамда құқық бұзушылықтарға «мүлде төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жүргізушілерге әкімшілік айыппұлдар бойынша берешектері туралы хабарлайды. Сол сияқты алимент, несие және басқа да міндетті төлемдер бойынша қарызы бар көлік иелеріне ерекше назар аударылып отыр. Жұмыс жеке сот орындаушыларымен және Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілуде.
Мәселен, 10 миллион теңгеден астам несие берешегі бар «Hyundai» маркалы автокөліктің жүргізушісі анықталды. Көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылып, қарыз толық өтелгеннен кейін иесіне қайтарылады.
Осыған байланысты полиция мынаны ескертеді: айыппұлдарды төлемеу және міндеттемелерді орындамау мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына және өзге де құқықтық салдарға әкеп соғады. «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы жұмыс жалғасып жатыр.