Алматының Медеу ауданында 1974 жылы салынған №4 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта нысан пайдалануға беру рәсімінен өткізіліп жатыр. Бұл туралы Медеу ауданы әкімдігінің өкілдері айтты.
Жөндеу барысында ғимарат медициналық мекемелерге қойылатын заманауи талаптарға сай толық жаңартылды. Инженерлік желілер ауыстырылып, іші жаңғыртылды, қызметкерлердің тиімді жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Медициналық бригадалар мен әкімшілік персоналға арналған бөлмелер қарастырылып, санитарлық автокөліктерді орналастыруға арналған жеке аймақ жабдықталды.
Қазіргі таңда қосалқы станцияда 150-ден астам қызметкер еңбек етеді.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстары қолданыстағы жедел жәрдем станцияларына түсетін жүктемені азайтып, бригадалардың шақырту орнына жету уақытын қысқартуға және аудан тұрғындары үшін шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Медеу ауданында барлығы 2 жедел жәрдем қосалқы станциясы жұмыс істейді.
Әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымды дамыту Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.