ҚМА-ның Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты соталды тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚМА мәліметінше, Instagram желісінде (15 миллионнан аса оқырманы бар) көп аудиторияға ие ерлі-зайыпты өз оқырмандарының сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған.
"2025 жылы олар онлайн курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Бұл курстарды сатып алудың негізгі себебі қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған. Таратылған бейнематериалдардың басым бөлігі ашық дереккөзден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін жасыру үшін ғана пайдаланылған. Жүлде қоры жария түрде мәлімделгендей жеке қаражаты есебінен емес, онлайн курстарға ақы төлеу түрінде қатысушылардан түскен ақша есебінен жинақталған. Электрон "сәттілік барабанының" параметрлерін өзгерту дерегі анықталды, соның нәтижесінде 5 000 теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген", - деп жазылған хабарламада.
Агенттік мәліметіне сүйенсек, күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-көлік табысталғанын мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейту мен назар аудару мақсатын көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған.