Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперациясы тұрақты дамуда. Үкімет ауыл шаруашылығы кооперациясына бағытталған кешенді ынталандыру шараларын жүзеге асыруда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олардың қатарында, барлық мемлекеттік қолдауға тең қолжетімділік, салықтық жеңілдіктер, ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу кезінде қосымша ұпай беру, фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылық өкілдерін (ЖҚШ) білім тарату орталықтары базасында оқыту бар.
2023 жылдан бастап ауылдық тұрғындардың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындарының бизнес-жобаларын 2,5% мөлшерлемемен 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласында – 7 жылға дейін кредиттеу және лизингтеуді қарастырады. Кооперативтер үшін қаржыландыру көлемі ұлғайтылған.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау ережелері аясында субсидиялау шарттары жеңілдетілген. Мәселен, жеке шаруа қожалықтарынан кооперативтер үшін кейбір бағыттар бойынша тіркеу нөмір мен ауыл шаруашылығы жерінің болуы талап етілмейді. Жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 2019 жылы 2 840-тен 2024 жылы 4 465-ке дейін, яғни 1,5 есе артты.
Мемлекет басшысының АӨК-тағы кооперацияны дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жер ресурстары мен инфрақұрылымға қажеттілікті анықтау, агрокомпетенцияны арттыру, жобаларды сүйемелдеу және басқа да шараларды қамтитын кешенді іс-шаралар әзірленді.
2029 жылға дейін кооперацияны дамытуды ынталандыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжат үздік тәжірибелерді тарату, кооперативтерді оқыту және агросүйемелдеу, сондай-ақ фермерлер мен шаруа қожалықтары үшін түсіндіру және оқыту іс-шараларын өткізуді қарастырады.
Кооперацияның ұзақ мерзімді дамуы үшін асырау және өнімдік бағыттағы кооперативтерді субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері енгізілуде. 2025 жылғы қыркүйектен бастап «Аграрлық несиелік корпорация» желісі бойынша асырау алаңдарына айналымдық қаражатты толықтыруға 5% мөлшерлемемен 12 айға дейінгі мерзімге, меншік түріне шектеусіз жеңілдетілген бағдарлама іске қосылған.
Мал шаруашылығын кешенді дамыту жоспары аясында несиелерді кепілдендіру тетігін енгізу және несие мерзімін 15 айға дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл қаржыландырудың қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ тіркеу нөмірін алу үшін ветеринарлық-санитарлық талаптарды жеңілдету қарастырылуда, бұл қолдау бағдарламаларына қатысушылардың санын арттырады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы кооперациясының тұрақты дамуы мен ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруда.