Елорданың Сарыарқа ауданында жаңа учаскелік полиция пункті ашылды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында елордада жергілікті атқарушы органның қолдауымен Сарыарқа ауданында №86 жаңа учаскелік полиция пункті өз жұмысын бастады. Учаскелік полиция пункті қызметтік қызметті атқаруға қажетті барлық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Нысанның жалпы аумағы 96 шаршы метрді құрайды. Мұнда азаматтарды қабылдау бөлмесі, кезекші инспекторларға арналған орын-жайлар, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларының қызметтік кабинеттері қарастырылған. Ашылу салтанатына Астана қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев, сондай-ақ прокуратура органдарының өкілдері қатысты.
Қызмет көрсетілетін аумақта білім беру ұйымдары, оның ішінде колледждер, университеттер және жалпы білім беретін мектептер орналасқан, бұл жастармен профилактикалық жұмыстың маңызын арттыра түседі. Жаңа учаскелік полиция пунктінің ашылуы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және аудан тұрғындары үшін полиция көмегінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды қадам болды. Учаскелік полиция пунктінің қызметі азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және полиция мен халық арасындағы тығыз өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.