Мемлекет басшысының ауқымды цифрландыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ұлттық суперкомпьютерлік кластер ресурстарын пайдалану бойынша өтінім беруге арналған Alem.Cloud платформасын таныстырды. Alem.Cloud суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты жүйелердің TOP-500 рейтингіне еніп, 86-орынды иеленді. Бұл оның өңірдегі ең ірі есептеу орталығы ретіндегі мәртебесін растайды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Alem.Cloud ресурстары енді заңды тұлғаларға қолжетімді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар, ғылыми және білім беру ұйымдары, стартаптар, жеке компаниялар, сондай-ақ Astana Hub резиденттері ресурстарды пайдалана алады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жасанды интеллектіні дамытудың ұлттық міндеттері мен жобалардың стратегиялық маңызын ескере отырып, суперкомпьютер ресурстарын бөлу ережелерін әзірледі.
Суперкомпьютерді пайдаланудың басым бағыттарына мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен су ресурстары, мұнай-газ саласы, тау-кен металлургия кешені, энергетика, геология және барлау, көлік пен логистика, өнеркәсіп және құрылыс, робототехника мен дрондар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ қаржылық технологиялар кіреді.
Платформа арқылы өтінім беру үшін қолданушы https://alem-cloud.nitec.kz/ сілтемеге өтіп, қажетті ресурстардың көлемін (GPU), CPU, RAM, SSD таңдайды, сондай-ақ жалға алу мерзімін көрсетеді және жобаның сипаттамасын енгізеді. Платформада қажетті конфигурацияны есептеп, құнын шығаратын арнайы калькулятор қарастырылған. Әрбір өтінім заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.
Ұлттық суперкомпьютер есептеу ресурстарының тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Қызметтер тәулік бойы қолжетімді, деректер резервтік көшірмелермен қорғалған, ал SLA талаптарының сақталуы жүйенің қолжетімділігі мен түсінікті болуына кепілдік береді. Бұл компаниялар мен ұйымдарға өз жобаларын сенімді түрде жоспарлап, тиімді жүзеге асыруға көмектеседі.
Анықтама:
TOP-500 рейтингінде 86 орын Қазақстанның әлемдік деңгейде қуатты ғылыми-технологиялық инфрақұрылымға және өзінің AI-модельдерін дамыту үшін үлкен әлеуетке ие екендігін растайды. Бұл елге серпінді зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ болашақта цифрлық қызметтер мен технологиялардың экспортын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.