Қала әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады, деп хабарлады kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік қолдау, медициналық көмек, инженерлік инфрақұрылым, көріктендіру, көлік қауіпсіздігі, тұрғын үй саясаты және жер қатынастары жайын көтерді.Тұрғындарға жеңілдіктер алу тәртібі, қарт адамдарға медициналық қызмет көрсету, тұрғын үй беру тәртібі және заңнамада көзделген өзге де рәсім бойынша түсініктеме берілді. Өтініштердің басым бөлігі инженерлік желілерге, сумен жабдықтау, инженерлік желіні жөндеу үшін қазылған жолды қалпына келтіруге, газ коммуникацияларының жай-күйіне және ауланы көріктендіруге қатысты болды. Тұрғындар балалар ойын алаңдарын орнатуды және қалдық жинау жүйесін жетілдіруді сұрады. Көлік қауіпсіздігі бойынша реттелетін жүргінші өткелдерін орнату мәселесі көтерілді. Бұл бағыттағы жобалар 2025–2026 жылдарға арналған жоспарға енгізілген. Сонымен қатар Бас жоспарды түзету, жер телімдерінің жалдау мерзімін ұзарту және мемлекеттік мұқтажы үшін жер алу рәсімдері сынды қала құрылысы саясатына қатысты жайттар қаралды.Қабылдау қорытындысы бойынша әкім тиісті басқармаларға шешуін күткен жайттарды тездетуді, барлық рәсімнің ашықтығын қамтамасыз етуді және берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.