Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында Алатау ауданының Рахат-Мәдениет және Алғабас шағынаудандарында болды. Әкім тұрғындармен кездесіп, инженерлік және жол инфрақұрылымының дамуы жөнінде әңгімелесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Рахат-Мәдениет шағынауданында инженерлік желілердің құрылысы жүріп жатыр. 131 шақырымға жоспарланған желінің 101 шақырымы тартылды. Жобаны 2025 жылдың қарашасында толық аяқтау көзделген. Сонымен қатар электрмен жабдықтау жобасы жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 13 трансформатор мен бір қосалқы тарату станциясы орнатылды. Бұл шамамен 14 мың тұрғынды электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді.
Дархан Сатыбалды жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Әсіресе, басты көшелер мен мектеп маңына уақытша асфальт төсеу, біржақты қозғалысты енгізу, аялдамалар орнату және жаңа бағыттағы қоғамдық көліктерді іске қосу қажеттігін айтты. Алғабас шағынауданында инженерлік желілер құрылысы 2024 жылы аяқталған. Қазір жолдарды жөндеу жүріп жатыр: 31,9 шақырым асфальт төселді. Қыркүйек айының соңына дейін 1 368 жол белгісін орнату және көше жарығын толықтай іске қосу жоспарланған.