Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары аясында Орталық Азия мен АҚШ арасындағы серіктестіктің он жылдығына арналған «C5+1» форматындағы мерейтойлық іскерлік конференция өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Kennedy Center for the Performing Arts» орталығында өткен іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және АҚШ үкіметтері мен іскер топтарының өкілдері қатысты. Конференцияның негізгі тақырыбы Орталық Азия мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту болды.
Конференция жұмысына «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «KAZ Minerals», «Qarmet», «Freedom Holding Corp.», «Bilim Media Group», АХҚО, «Тау-Кен Самұрық» және «Port Kuryk» (Semurg Invest) сияқты мемлекеттік және жеке құрылымдардың басшылары қатысты.
Іс-шара барысында АҚШ инвестицияларын Қазақстан мен Орталық Азияның инфрақұрылымдық, энергетикалық және инновациялық жобаларына тарту, сирек кездесетін металдар мен металл өнімдерін және агроөнімдерді АҚШ нарығына экспорттау, сондай-ақ цифрлық және қаржылық технологияларды дамыту мәселелері талқыланды.
Форум бес тақырыптық сессиядан тұрды, олар жеткізу тізбектерін дамыту, жасанды интеллектті пайдалану, цифрлық экономика және АҚШ пен Орталық Азияға инвестициялар салу мәселелеріне арналды.
Қазақстан цифрлық экономиканы дамыту бойынша сессияның тең төрағасы болды. Онда цифрландырудың келешегі, жасанды интеллектті енгізу, киберқауіпсіздік және трансшекаралық онлайн-қызметтерді дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапынан сессия жұмысына «Kaspi.kz», «ERG», «BTS Digital», «Air Astana» және басқа да компаниялар қатысты.
Сессия қатысушылары Қазақстанның Еуразия IT-хабы ретіндегі беделі артып келе жатқанын атап өтті. Елде қазірдің өзінде «Microsoft», «Amazon», «Nvidia» және «Starlink» сияқты жетекші технологиялық компаниялар жұмыс істейді, ал «Meta» және «Amazon» компанияларымен бірлескен бастамалар спутниктік интернетті дамыту мен қазақ тіліндегі жасанды интеллект моделін құруға бағытталған.
Панельдік талқылаулар барысында Астана Вашингтонның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі екені аталып өтті: ел өңірдің жалпы ішкі өнімінің 60%-нан астамын және АҚШ-пен тауар айналымының 75%-ын қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан астам америкалық инвестициялар тартылды, бұл өңірге салынған жалпы инвестиция көлемінің 80%-дан астамын құрайды.
Сонымен қатар конференцияда қазақстандық бизнестің АҚШ-тағы инвестициялық бастамалары да талқыланды. «1Thirty Holding» компаниясы құны 130 млн доллар құрайтын ұнтақ жабындар шығаратын химиялық кешеннің құрылысын ұсынды – бұл АҚШ-тағы Қазақстанның алғашқы өнеркәсіптік инвестициялық жобасы болмақ. Сондай-ақ «abr+» компаниясы АҚШ-та «AUYL» мейрамханалар желісін ашу жоспары туралы хабарлады.
Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары қорытындысы бойынша екі ел арасында жалпы сомасы шамамен 17 млрд доллар құрайтын 29 екіжақты құжатқа қол қойылды. Олар өнеркәсіп, энергетика, білім беру, цифрландыру және инновациялар салаларын қамтиды. Бұл келісімдер стратегиялық серіктестікті нығайту мен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды қадамы болды.