Қазақстанда қазақ бағбандығының символы — Алматылық Апорт сұрпын қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба іске асырылуда. Бұл бастама ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Астана-20» мемлекеттік қоры және Ұлттық агробиотехнологиялық орталығының (НАНОЦ) қатысуымен Президенттің тапсырмасы бойынша қолға алынуда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы инвестиция көлемі 163 миллион теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» «Талғар» өңірлік филиалының базасында 10 гектарлық алғашқы бақ отырғызылды.
Апорт сұрпының көшеттері Жоңғар Алатауының генетикалық резерваттарынан жиналған Сиверс жабайы алмасының (Malus sieversii) тұқымдарынан алынған телітуші негізге көз арқылы телу (окулировка) әдісімен көбейтілген.
Бұған дейін ғалымдар телітуші негіз ретінде жабайы алманың 11 түрін іріктеп алған болатын.
2024–2025 жылдары гермоплазма (тұқым) жинау мақсатында «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына екі ғылыми экспедиция ұйымдастырылды.
Алдағы үш жыл ішінде «Талғар» филиалының, «Байсерке-Агро» компаниясының, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің (ҚазНАИУ) және Алматы қаласы әкімдігінің жерлерінде Апорт алмасының 110 гектар бағы отырғызылмақ.
Алдағы 7–8 жылдан кейін алғашқы өнім алынады деп жоспарлануда.
Жоба аясында инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп, суару жүйелері жаңартылды, су жинақтауға арналған бассейн салынды, аналық-шламдық бақтың аумағы қоршалды, ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
«Талғар» өңірлік филиалының ғалымдары, in vitro генқоры және бау дақылдарының биотехнологиясы зертханаларының мамандары алманың сұрыптары мен телітушілерінің вируссыз пребазистік генқорын қалыптастырумен айналысуда. Бұл база болашақта вируссыз көшет шаруашылығының ғылыми негізделген жүйесін құруға негіз болмақ.
Мемлекеттік тапсырыс аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі бес құнды сорт пен бес телітушіні сауықтыру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ Еуропалық және Жерорта теңізі өсімдіктерін қорғау ұйымы (EPPO) мен Жаңа өсімдік сорттарын қорғаудың халықаралық одағының (UPOV) ұсынымдарына сәйкес генотиптеу жұмысы жүзеге асырылды.
Екі жылға жалғасқан еңбектің нәтижесінде вируссыз пребазистік генқор жасалып, сұрыптардың генетикалық паспорттары мен морфологиялық сипаттамалары рәсімделді, молекулалық зерттеулер зертханасы іске қосылды.
Бұл қадамдар Қазақстанның заманауи вируссыз көшет шаруашылығы жүйесіне көшуіне жол ашты деуге болады.