Қазақстанда азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді жеңілдетуге бағытталған цифрлық шешімдер енгізіліп келеді. Соңғы уақытта сұранысқа ие жаңашылдықтардың бірі – eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі мен «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы әзірлеген мобильді қосымша болды. Бұл туралы елордадағы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов баяндады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Әлеуметтік әмиян» – атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй көмегін алушыларға арналған сервис. Оның көмегімен азаматтар смартфон арқылы тауарлық газға жеңілдікті электронды ваучер түрінде ала алады.Жаңа сервистің басты артықшылықтары: • толық онлайн-формат – ваучерді алу және іске қосу бірнеше қадамда жүзеге асады; • қағаз құжаттар талап етілмейді – деректер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «QazaqGaz Aimaq» базаларымен автоматты түрде біріктірілген; • ашық әрі ыңғайлы – уақыт үнемделіп, рәсімдеу кезіндегі қателер болдырылмайды.Осылайша, «Әлеуметтік әмиян» жеңілдіктерді алу процесін әрбір отбасы үшін қолжетімді, жедел әрі ыңғайлы етеді.Екінші маңызды цифрлық құрал – «QazaqGaz Aimaq» мобильді қосымшасы, ол газ есептегіш құралдарының көрсеткіштерін ыңғайлы әрі жылдам жолдауға арналған.
Қосымшаның мүмкіндіктері: • бақылаушының келуінсіз және колл-орталыққа қоңыраусыз көрсеткіштерді тапсыру; • тәулік бойы әлемнің кез келген жерінен қол жеткізу; • деректердің дұрыстығын автоматты тексеру, қателерді азайту; • есеп-қисаптың ашықтығы және тарихын қадағалау мүмкіндігі.Бүгінде қосымшаны 157 мыңнан астам адам пайдаланады, олардың барлығы жеке есепшоттарын тіркеген. Тек тамыз айында қосымша арқылы 60 мыңнан астам көрсеткіш жолданған.
«Екі сервис те халықтың мемлекеттік және коммуналдық қызметтермен өзара әрекеттесуін жеңілдетуге бағытталған. Егер «Әлеуметтік әмиян» отбасыларға жеңілдіктерді жедел әрі қолайлы алуға көмектессе, «QazaqGaz Aimaq» мобильді қосымшасы уақытты үнемдеп, қызмет көрсетуді ашық әрі заманауи етеді. QazaqGaz Aimaq компаниясының мақсаты – әрбір отбасыға көмектесетін, жайлылық туғызып, күнделікті өмірді жеңілдететін цифрлық технологияларды енгізу», – деді спикер.