Астана қаласында Ұстаздар күніне орай білім саласының дамуына үлес қосқан ардагер педагогтерге арналған ерекше мерекелік іс-шара өтті. «Білім шырағын жаққан жан» атты бұл басқосуды Астана қаласының Білім басқармасы ұйымдастырды. Іс-шара Талғат Бигелдинов атындағы №1 мектеп-лицейдің қабырғасында өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Мерекелік жиынға арнайы қатысқан Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы ардагер ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, оларға зор алғыс білдірді.
Іс-шара барысында қаладағы бес ауданнан келген ардагер ұстаздар топтарға бөлініп, арнайы бейнеролик түсірді. Бұл бейнематериалдарда ардагерлер мектеп өмірімен қайта қауышып, жас мұғалімдермен сұхбаттасып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, олар білім беру жүйесіндегі ұзақ жылғы еңбектерін еске алып, шәкірт тәрбиелеудегі естеліктерімен бөлісті.Мектеп оқушылары мен мұғалімдері ардагерлерге арнап концерттік бағдарлама ұсынып, жылы лебіздерін жеткізді. Мектеп ұжымы мен жас буынның ыстық ықыласы ұстаздар жүрегін елжіретіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.Іс-шара соңында үздік бейнеролик авторлары түрлі номинациялар бойынша марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.Бұл іс-шара – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұстаз еңбегіне деген құрметті арттыратын тағылымды дәстүрдің жарқын үлгісі болды.
