Алматыға 60 елден 1 400 жүгіруші маусымның ең ірі жарысына келді. Бұл 14 жыл ішінде марафон тарихындағы шетелдік қатысушылар саны жөнінен рекорд жаңартты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, Almaty Marathon Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Almaty Marathon 2025 рекордтық түрде 16 149 қатысушыны жинады. Жүгірушілердің көпшілігі жергілікті тұрғындар (14 785), бірақ басқа қалалар мен елдерден келген қатысушылардың үлесі жыл сайын артып келеді. Биыл 1 383 шетелдік (қатысушылардың 8 пайыздан астамы) марафонға арнайы келді. Марафонға қатысқан үздік 3 ел: Ресей (513), Қырғызстан (180) және Қытай (142). Іс-шараға Азия және Тынық мұхит өңірінен (226), Еуропа (166), Солтүстік және Латын Америкасы (40), Африка (3) және Таяу Шығыс (93) аймақтарының азаматтары қатысты.
Марафон сонымен қатар экономиканың дамуына серпін береді. Almaty Marathon серіктестерінің салық аударымдары 4 жыл ішінде 318,9 млн теңгеден 873,9 млн теңгеге дейін өсті. Ірі спорттық іс-шара өткізілген жылдары қалада жаңа ШОБ нысандары мен жұмыс орындары ашылды.