Ақтөбе облысында "Қауіпсіз жол" іс-шарасы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
15-30 қыркүйек аралығында Ақтөбе облысы аумағында жол-көлік тәртібін арттыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. 12 күнде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3963 жағдайын анықтады. Анықталған құқық бұзушылықтар қатарында: 36 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған; 40 адам қарсы бағыттағы жолаққа шыққан; 135 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеген; 241 жүргізуші көлік жүргізу куәлігінсіз рөлге отырған. Олардың 21-і бұған дейін жүргізу құқығынан айырылған; Сонымен қатар, 3 жүргізуші жалған нөмір тағып жүргені үшін ұсталды. Полиция 260 көлікті айып тұрағына қойған. Оның ішінде шетелде тіркелген 76 көлік бар.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айбек Борашев бұл жағдайлар жүргізушілердің жолдағы жауапкершілікті толық түсінбейтінін көрсетіп отыр дейді. Бүгін түнде Ақтөбе қаласының Заречный ауылында полиция Van Hool автобусын тоқтатты. Автобус салоны жолаушылар ұйықтайтын орынға заңсыз қайта жабдықталған. Автобус Өзбекстаннан Ресейге бағыт алған, ішінде 25 жолаушы (Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары) болған. Аталған құқық бұзушылық үшін жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 10-бөлігі бойынша іс қозғалды. Бұл оның жыл ішінде қайталап жасаған бұзушылығы екені айтылды. Полиция барлық жүргізуші мен жол қозғалысына қатысушыларды жол ережесін қатаң сақтауға шақырады.