Астанада блогер Ерболат Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Туризм және спорт министрлігінің құмар ойын бизнесін реттеу комитеті өкілі Әбділ Балтатегі істі әкімшіліктен қылмыстыққа ауыстыруды ұсынды, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Балтатегінің айтуынша, әкімшілік іс жүргізу аясында Төлегенованың қызметіне байланысты бірқатар негізгі сұрақтарға жауап беру мүмкін емес."Мысалы, Zhana Business курстары қандай құндылыққа ие? Қандай да бір қауымдастық бар ма? Бұл курстардың құны қанша? Неге жеңімпазды анықтауды тікелей эфирде жүргізілуі тиіс лототронға емес, автоматтандырылған бағдарламаға жүктеген? Осы бағдарламалық қамтамасыз етуде қандай алгоритм жазылған?" – деп комитет өкілі сұрақтарды тізбектеді.
Ол мұндай жағдайлар әкімшілік іс жүргізу шеңберінен шығатынын атап өтті.
"Осы сұрақтардың бәрі, құрметті сот, Төлегенованың әрекеттерінде қылмыстық жазаға әкеп соқтыратын қылмыстық істердің, мысалы, алаяқтық немесе заңсыз кәсіпкерлік қызметтің белгілері бар екенін көрсетеді", – деді ол.
Осыған байланысты комитет Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 445-1-бабы бойынша Төлегеноваға қатысты әкімшілік істі тоқтатып, материалдарды сотқа дейінгі тергеу органдарына беруді сұрады.
Анықтама: ӘҚБтК-нің 445-1-бабы – Қазақстан Республикасының лотереялар және лотерея қызметі туралы заңнамасын бұзу.
"Жоғарыда айтылғандардың негізінде, құрметті сот, ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес әкімшілік істі тоқтатып, қылмыстық кодекстің 214-бабында ("Заңсыз кәсіпкерлік") және 190-бабында ("Алаяқтық") көзделген қылмыстық жазаға әкеп соқтыратын іс-әрекеттердің белгілері болуына байланысты істің материалдарын сотқа дейінгі тергеу органына беруді сұраймыз", – деді ведомство өкілі.
Анықтама: ӘҚБтК-нің 742-бабы – іс жүргізуді тоқтату туралы.