Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы, қаланың санитарлық жағдайы, абаттандыру және экологиялық іс-шаралар бойынша кеңес өткізді. Жиында экология және қоршаған орта басқармасы, аудан әкімдері мен тиісті қызмет басшыларының есептері тыңдалды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алмалы ауданында күн сайын көшелерді тазалау жұмыстарына жұмысшылар мен арнайы техника жұмылдырылып жатыр. Мердігер ұйымдар 400-ден астам аулаға қызмет көрсетуде. Саябақтар мен аллеялар тазартылып, контейнер алаңдары жөнделіп, сырланып жатыр. Сонымен қатар буферлік аймақтарға 67 мыңнан астам бұта отырғызылып, автосуару жүйесі іске қосылған.
Жетісу ауданында да абаттандыру жалғасуда: 269 көше мен 300-ден аса аула тазартылуда. Қазіргі уақытта Есентай өзенінің жағалауы абаттандырылып, инженерлік желілер жаңартылып жатыр. Ғимарат қасбеттері жарықтандырылып, жүргіншілер өткелдеріндегі көтергіштер ауыстырылуда. Аудан әкімдігі заңсыз сауда мен тәртіп бұзушылықтарға бақылауды күшейткен.
Қала бойынша тұрғындар, жастар, еріктілер мен кәсіпкерлер сенбіліктерге белсенді қатысып, нәтижесінде ондаған тонна қоқыс шығарылып, көшелер көгалдандырылып жатыр.
TazaQazBot қосымшасы арқылы қала тұрғындары тазалық, қоқыс шығару, жол жөндеу және көгалдандыру мәселелері жөнінде хабар беруде. Тек қыркүйек айында 400-ден аса өтініш түссе, жыл басынан бері олардың саны 6,5 мыңнан асты.
Әкім Дархан Сатыбалды аудан әкімдіктеріне көше мен аулалардағы тазалықты күшейтуді, тұрғындармен бірге сенбіліктерді тұрақты өткізіп тұруды тапсырды. Сондай-ақ өтініштерге жедел жауап беруді, абаттандыру жұмыстарын уақытында аяқтауды, автосуару жүйесін жүйелі жолға қоюды, ағаш отырғызуды бақылауды және заңсыз сауданы тоқтатуды міндеттеді.