Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 2025 жылдың III тоқсанында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыру бойынша кеңес өткізді. Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Мирас Гайсин баяндағандай, акция аясында санитарлық тазалау, көркейту, көгалдандыру, көше саудасын бақылау және экологиялық білім беру сынды 34 іс-шара жоспарланған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалада сенбіліктер ұйымдастырылып, қоқыс жәшіктері орнатылып, жарық тіректері жуылып, ағаштар егіліп жатыр. Жыл басынан бері @TazaQazBot арқылы 4100-ден астам өтініш келіп түсті.
Аудан әкімдері атқарылған жұмыстың қорытындысын ұсынды. Әуезов ауданында апта сайын сенбіліктер өтеді, 1500-ден астам ағаш отырғызылды, 10 мың текше метрден астам көгалдар абаттандырылды. Жетісу ауданында өзен арналары тазартылды, қоқыс үйінділері жойылды, бейнебақылау камералары орнатылды. Түрксіб ауданында 51 сенбілік өткізіліп, 4,6 мың тонна қоқыс шығарылды, 66 жасыл аймақ абаттандырылды және негізгі көшелер бойында көркейту жұмыстары жалғасуда.
«Әр кеңес өткен сайын жұмысты бастаған екенсіңдер аяғына дейін жеткізіңдер деп айтып келемін. Қалада қазылған жерлер жетерлік, әсіресе жасыл аймақтарда. Аудан әкімдері мұны жеке бақылауда ұстаңыздар», - деді Дархан Сатыбалды.
Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков мектептердегі тазалық сабақтарынан бастап этномәдени бірлестіктерді тартуға дейінгі экологиялық мәдениетті қалыптастыру шараларын атап өтті.
«Мектеп, балабақша, аурухана және емхана сынды барлық мемлекеттік мекеме аумағының тазалығын қадағалап отыруы тиіс. Әсіресе, ауруханада жағдай мәз емес: лас, ағаш қараусыз қалды. Егер басшылар қарапайым тазалықты қалыптастыра алмаса, онда жұмыс сапасы туралы не айтуға болады?», - деді қала әкімі.
Қала басшысы халықпен тығыз байланыс орнатудың және аудандар мен тиісті құрылымдар арасындағы үйлесімнің маңыздылығын атап өтті.
«Қаланы аралағанда бюджет ақшасына салынатын нысандардың айлар бойы аяқталмай тұрғанын көремін. Бұл белгіленген мерзімді кешеуілдетеді, шығынға әкеледі және тұрғындардың наразылығын тудырады. Мысалы, автоматты суаруды алайық, оның құбырлары бірнеше апта бойы жол бойында жатады. Бұған жол беруге болмайды. Егер мердігер міндетін орындай алмаса, онда келісімшартты бұзыңыз. Аудан жұмысындағы ең өзекті мәселе - тазалық, көгалдандыру, жарықтандыру», - деді қала әкімі.
Кеңес қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды экология басқармасына акцияны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітуді және оның орындалуын бақылауды қамтамасыз етуді, қоғамдық даму басқармасына - қала тұрғындарына экологиялық білім беруді жандандыруды, ал аудан әкімдіктеріне ұйымдарды тарта отырып, сенбіліктерді тұрақты түрде өткізуді және жасыл желектерге күтімді күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар тазалық идеологиясы қаланы басқарудың күнделікті тәжірибесіне және әр тұрғынның өміріне енуі керек екенін атап өтті.