Астанада жастарға өз баспанасын жеңілдетілген шарттармен сатып алуға мүмкіндік беретін «Елорда жастары» бағдарламасы жалғасып жатыр. Осы бағдарламаға қатысқан астаналық Қуаныш Әмірин қалай баспаналы болғанын айтып берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қуаныш Әмірин РМҚК «Ақпараттық-сараптама орталығында» жұмыс істейді. Ол 2020 жылы жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алған.
Жалдау мерзімі аяқталуға таяғанда оған Тұрғын үй басқармасынан хабарласып, жаңа «Елорда жастары» бағдарламасының іске қосылғанын айтқан.
Өтінім беру және құжаттарды қарау үдерісі түсінікті әрі қолайлы болды. «Отбасы банк» Қуанышқа бағдарлама аясында ең жоғары мөлшердегі несие – 18 миллион теңге беруді мақұлдады.Осының арқасында ол «Республика» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер сатып алды. Пәтердің жалпы құны – 28 миллион теңге. Оның 10 миллионын бастапқы жарна мен қосымша шығындарды ескере отырып, өз қаражаты есебінен жапты.
Қазір отбасы қоныс тойына дайындалып жатыр – жаңа пәтерде жөндеу жүріп жатыр.
Ол «Елорда жастары» бағдарламасы жастар үшін нақты мүмкіндік екеніне сенімді.
«Елорда жастары» бағдарламасы 35 жасқа дейінгі азаматтарға арналған және жаңа тұрғын үйді де, екінші деңгейлі нарықтағы пәтерді де сатып алуға мүмкіндік береді.