Алматыда өткен тамыз конференциясы педагогтар мен халықаралық сарапшылардың басын қосты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыда «Болашақ білім беру: адал азамат – білікті маман» атты дәстүрлі қалалық тамыз конференциясы өтті. Іс-шараға педагогтар, қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысты. Алматы әкімі конференцияға қатысушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғанын атап өтті. Осы бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынды: соңғы бір жылда қала колледждерінің материалдық-техникалық базасы 2,6 млрд теңгеге жаңартылды, WorldSkills стандарты бойынша 14 құзырет орталығы ашылды, жыл соңына дейін тағы 4 орталық іске қосылады. Конференцияда білім берудің болашағы, жаңа экономикаға қажетті маман даярлау, STEM/STEAM тәсілдерін енгізу, оқушылардың қауіпсіздігі мен психологиялық денсаулығы, сондай-ақ, инклюзивті білім беру мен толеранттылықты дамыту мәселелері талқыланды.
Салтанатты бөлімде үздік педагогтар мен білім ұйымдары марапатталды. «Үздік білім беру ұйымы – 2025» сыйлығы №79 гимназияға табысталды.