Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Әлеуметтік Инновациялық Хабтың ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген әлеуметтік кәсіпкерлер, танымал қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Хаб Астана қаласы әкімдігінің және Қазақстандағы әлеуметтік инвесторлар қауымдастығының қолдауымен ашылды. Бұл – қоғамдық құндылық жасайтын, әлеуметтік стартап ашқысы келетін, оқып-үйреніп, менторлық қолдау алғысы келетін жандар үшін тартылыс орталығы. Хаб қабырғасында social concept store жұмыс істейді – мұнда әлеуметтік кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылған. Сондай-ақ, бариста мектебі мен әлеуметтік кофехана іске қосылған, онда есту қабілеті шектеулі жандар білім алып, жұмысқа орналасып жатыр. Хабтың миссиясы – Қазақстанда және Орталық Азияда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, инклюзия, тұрақтылық және тең мүмкіндік идеяларын ілгерілету. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қаласы Кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров өз сөзінде Қазақстанда 1317 әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 255-і Астанада жұмыс істейтінін айтты.
Іс-шара аясында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған Дархан Жәгіпаровтың фотокөрмесі, «Жақсылық елшісі» премиясының марапаттау рәсімі, сондай-ақ Эмин Әскеровтің «Әскеров әсері» атты кітабының таныстырылымы өтті.
