Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Holding компаниясының Бас атқарушы директоры Сүлеймен Тирьякиоғлуды қабылдады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында агроөнеркәсіптік сектордағы өзара тиімді және ұзақ мерзімді әріптестік мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы компанияның Астанада бидай мен бұршақты дақылдарды терең өңдейтін зауыт салу туралы шешімін құптады.
Инвестициялар туралы келісімге Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Сүлеймен Тирьякиоғлу қол қойды.
Ірі инвестициялық жоба ауыл шаруашылығы шикізатын жоғары технологиялық деңгейде өңдеуді дамытуға, аграрлық өнімдердің қосылған құнын арттыруға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Кешеннің құрылыс алаңы 65 гектарды құрайды. Жобаны іске асыру екі кезеңде жүргізіледі: бірінші кезеңде жылына 250 мың тонна бидай өңдеу, екінші кезеңде жылына 80 мың тонна бұршақ өңдеу жоспарланған.
Жалпы инвестиция көлемі 160 млрд теңгені құрайды.
Бұл жобаны жүзеге асыру еліміздің тұрақты агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызды қадам болып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша жаһандық нарықтағы позициясын күшейтуге мүмкіндік береді.