Мемлекет басшысының Түркия Республикасына ресми сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Sine Midas Stroy компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ахмет Буданмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Тараптар Шымкент қаласында заманауи өнеркәсіптік жылыжай салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Ахмет Буданның айтуынша, Sine Midas Stroy компаниясы поляктың Fabe Agro компаниясымен бірлесіп, жалпы құны 120 млн АҚШ долларын құрайтын агроөнеркәсіптік жобаны іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. Жылыжай кешенінің жоспарланған өндірістік қуаттылығы жылына 36 мың тонна қызанақ болады.
«Қазақстан аграрлық секторға жоғары технологиялық инвестициялар тартуға мүдделі. Өз тарапымыздан экспортқа бағытталған жылыжай саласын қалыптастыруға арналған жобаны жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Қазіргі уақытта жобаны іске асыру шарттарын, инвестиция көлемін және тараптардың міндеттемелерін айқындайтын Инвестициялар туралы келісім жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар келісімді жеделдетіп қол қоюға және жобаны жақын арада практикалық тұрғыда іске асыруға дайын екендігін растады.