Отырарда жеке инвестордың қолдауымен кітапханасы бар визит-орталық салынады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабасыновтың PANA ASIA ЖШС құрылтайшыларының бірі Нұржан Ниязалиев және компанияның бас директоры Сәуле Жаңабаевамен өткізген жұмыс кездесуінде белгілі болды. Аталған компания туристік инфрақұрылымды дамытуға белсенді түрде инвестиция салып келеді. Алдағы уақытта Қазақстанда бірнеше визит-орталық салу жоспарланып отыр.Министрлік ішкі туризмді дамыту бағытында отандық кәсіпкерлерді кеңінен тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде Түркістан облысындағы көне Отырар қаласында визит-орталық салу жобасы қолға алынбақ.Инвесторлардың айтуынша, жоба тұжырымдамасы әзірленген кезде Отырардың тарихи мұрасына, әсіресе орта ғасырларда әлемдегі ең ірі кітапханалардың бірі саналған әйгілі Отырар кітапханасына ерекше назар аударылған.
Жаңа визит-орталық тек туристік нысан ғана емес, аңызға айналған кітапхананы қайта жаңғырту идеясының символына айналмақ. Жобаны жүзеге асыру 2027 жылға жоспарланған.Бұдан бөлек, кәсіпкерлер Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында, Жамбыл облысындағы Көксу шатқалында визит-орталықтар салуды, сондай-ақ Түркістан облысындағы Сайрам-Өгем ұлттық паркі мен Маңғыстау облысындағы Бозжырада орналасатын визит-орталықтардың құрылысын аяқтауды көздеп отыр.Ербол Мырзабасынов жеке инвестицияны саланың тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде атап өтті. Министрдің айтуынша, визит-орталықтар туристерге қолайлы жағдай жасап, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саяхатшылардың еліміздегі сапардан алған әсерін арттырады. Бұдан бөлек, бұл жобалар жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
«Аталған жобалар аясында біз 1800 жұмыс орнын ашып, олардың санын 3000-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Біз Қазақстанда қоғам үшін пайдалы іспен айналысу қажеттігін көрсетіп, өзге инвесторларды ынталандырғымыз келеді. Біз тек инфрақұрылым салып қана қоймай, мәдени бірегейлікті қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға да күш саламыз», – деді Нұржан Ниязалиев.Кездесу барысында тараптар туристік нысандарды салу кезінде экологияны сақтау мен орнықты туризм қағидаттарын ұстануға ерекше мән берілетінін атап өтті.