Оқу-ағарту министрлігі лицензиясыз жұмыс істегені үшін әкімшілік жауапкершіліккке тартылған 35 мектептің 32-сіне лицензия берген, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Kazinform сайтына сілтеме жасап.
— Бүгінгі таңда республика бойынша 66 лицензиясыз мектептің 58-і лицензия алды, 8-і лицензия алуға құжаттарын дайындауда. Оның ішінде 2024–2025 оқу жылының басында Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті мен оның аумақтық департаменттері білім беру қызметін лицензиясыз жүзеге асырған 35 жекеменшік білім беру ұйымын анықтады. Қазіргі таңда олардың 32-сі лицензия алды. Аталған 35 мектептің барлығына қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы сот шешімдері бар, — деп жазылған жауапта.
Заң бойынша оқу процесін тиісті рұқсат құжатынсыз бастаған білім беру ұйымдарына 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (98 300 теңге) айыппұл салынады. Жаңа ашылған мектептерге білім алушыларды қабылдамай тұрып құрылтай құжаттарын дайындау үшін 6 ай беріледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін алты ай ішінде тиісті лицензия алмаса, білім беру ұйымы сот тәртібімен таратылады.
Биыл көктемде Жоғары аудиторлық палата ел аумағында 66 мектеп тиісті лицензиясыз бала оқытып келгенін анықтаған болатын. Оның ішінде Астанада 14 мектеп, Алматыда 13 мектеп, Түркістан облысында 11 мектеп, Атырау облысында 8 мектеп, Маңғыстау облысында 7 мектеп лицензиясыз бала оқытқан.
Еске салсақ, Үкімет отырысынан кейін өтетін баспасөз мәслихаттарының бірінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеке меншік мектептердің үлесі 5 пайызға дейін кемуі мүмкін деген болжам айтқан болатын.