Атырау облысында үш ауысымды оқытуды жою және білім сапасын арттыру мақсатында 2025 жылы алты «Келешек мектебінің» құрылысы жүргізілуде, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық жоба аясында бұған дейін үш білім ордасы іске қосылып, бүгінде тиімді жұмыс істеуде. Солардың бірі – Атырау қаласындағы №50 мектеп. 1200 орындық мекемеде өткен оқу жылында 1170 шәкірт білім алып, табысты аяқтады. Қазір мектеп жанынан жазғы лагерь ашылып, балаларға арналған танымдық бағдарламалар жүзеге асуда.
- «Келешек мектебі» жобасы аясында 2023-2025 жылдары Атырау қаласында жалпы саны 7800 орындық 9 мектептің құрылысы жоспарланған. 2024 жылы 2700 орындық 3 мектеп іске қосылды. Қазір 5100 орынға арналған 6 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, Атырау қаласындағы Ақсай-2, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 шағын аудандарында, Құлсары қаласында 1200 орындық және Құрманғазы, Ақкөл ауылдарында 600 орындық мектептер салынып жатыр,- деді облыстық Білім басқармасының бас маманы Ережеп Абылай
Мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай жабдықталған. Онда заманауи зертханалар, робототехника кабинеті, шығармашылық шеберханалар, инклюзивті білім беруге арналған арнайы кабинеттер мен спорт залдары жұмыс істейді. Барлық нысан бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген.